Иммунитетіңізді көтеріп, ұзақ жасағыңыз келсе, қымыз ішіңіз

17 Шілде 2020, 14:44
9944
Бөлісу:
Иммунитетіңізді көтеріп, ұзақ жасағыңыз келсе, қымыз ішіңіз
EX PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғалымдар коронавирус кезінде иммунитетті көтеру үшін қымыз, шұбат, айран сияқты қазақтың ұлттық сусындарын ішуге кеңес береді.

Соңғы кездері халық арасында да, әлеуметтік желілерде де коронавирус індетінің алдын алу немесе вирусты емдеу жолында адамдардың биебаудың басынан саумал іше бастағаны байқалады. Бұл үрдіске негіз де жоқ емес. Өйткені, қымыздың адам денсаулығына пайдасы шаш-етектен екені белгілі, тіпті ғылыми тұрғыда дәлелденіп те қойған.

Біздің елде және бүкіл әлемде жыл сайын бие сүтінің танымалдығы артып келеді. Бие сүтін бірқатар мемлекеттің ғалымдары зерттеді және барлығы да бұл өнімнің бірегей екенін айтады. Ол метаболикалық бұзылыстарда жақсы, иммунитетті қолдайды, онкологиялық аурулардың жағдайын жақсартуға көмектеседі, регенерация процестерін тездетеді, қартаюды баяулатады. Сонымен қатар, саумал физикалық-химиялық қасиеттері бойынша ана сүтіне өте ұқсас.

Бие шаруашылығымен он жылдан бері айналысып келе жатқан Катонқарағай ауданы Топкайың ауылының тұрғыны Гүлжамал Нұртайқызы биені күніне алты рет сауады. Сауын арасы 2 сағаттан.

кымыз2.jpeg

Бие сүтін әр сауыннан кейін бірден 10-15 минут аралығында жылы қалпында ішкен пайдалы. Кез келген сүттегі ең бағалы зат - ақуыз. Бие сүтінде ол 1,5% болады екен. Сондай-ақ, қымызда 1,5% май бар. Қымыздың құрамындағы С дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп, - дейді ол.

Гүлжамал Нұртайқызының айтуынша, Катонқарағай ауданына келетін туристер жылдан жылға артып келеді.

Ақтау, Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Өскемен, Ақтөбе, Ақмола және Қазақстанның өзге де өңірлерінен, АҚШ, Израиль, Қытай елдерінен де адамдар ағылып жатыр. Қымыз қант диабетімен, жөтелмен ауыратындарға, өті жоқ адамдарға жақсы болысады. Мен дәрігер емеспін, бірақ саумал мен қымыздың біз білмейтін басқа да емдік қасиеттері баршылық. Солар тиісті деңгейде зерттеліп, баспасөз беттерінде көбірек жазылып, халық біліп, емделіп жатса нұр үстіне нұр болар еді, - деген тілегін де жеткізді.
кымыз4.jpeg

Биология ғылымдарының докторы, профессор Әсия Демеуханқызы да қымыздың мол пайдасы барын айтады.

Иммунитеті мықты адамға ешбір ауру жұқпайды. Қазіргі пандемия кезінде вирус ағзаға енген күннің өзінде иммунитеті жақсы болса, ол вирусқа қарсы төтеп бере алады. Қазақ даласына тән үскірік аяз бен қарлы борандарда бабаларымыздың иммунитеті неден мықты болды? Олар табиғи өнімдерді тұтынды. Ет жеді, еттің жылдам қорытылуы үшін қымыз ішті. Десек, иммунитетті көтеру жолында қымызды молынан пайдаланған жөн. Қымызды күбіде пісу процесі – бұл бие сүтін оттегімен байыту дегенді білдіреді. Яғни, бұл жерде сүтті байытатын сүтқышқыл бактериялар мен сүтқышқыл ашытқылар. Бұған оттегі керек. Қымызды пісу кезінде сүтқышқыл ашытқылар өте белсенді жұмыс істейді. Бие сүтінің тағы бір ерекшелігі – ол өте сұйық. Оның құрамындағы құрғақ заттың мөлшері өте аз. Небәрі 9%, қалған 91%-ы су. Сол 9 %-дың 6%-ы – лактоза, яғни, сүттің қанты. Сол себепті де бие сүтінің дәмі сиыр немесе түйе сүтіне қарағанда тәтті болып келеді. Бие сүтіндегі ақуыз бен майдың мөлшері 1,5% немесе одан да төмен болуы мүмкін. Бала емізіп жүрген жас аналардан сүт шықпай қалған жағдайда балаға бие сүтін беруге болатыны да осыдан, - дейді ол.
кымыз3.jpeg

Осы орайда иммунитетті көтеру, ұзақ өмір сүрудің қыр-сыры жайында "Qazaqstan" Ұлттық арнасындағы "Абзал жандар" телемарафонында Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманұлы да бөліскен болатын.

Реті келсе, айран, қымыз ішкен дұрыс. Әсіресе, қазіргі коронавирус инфекциясымен күресте адам иммунитетін көтеруге, денсаулығын жақсартуға, адам өмірінің ұзаруына бірден бір қоректі тағам – қымыз. Оның құрамындағы заттардың барлығы өте пайдалы. Бәрінің қолы жете бермейді дейтін шығарсыздар, дегенмен реті келсе жылқы еті – белок адам ағзасына ерекше жақсы әсер ететін тағамдардың бірі. Тағам мәселесіне барынша көңіл аудару керек. Екіншіден тепе-теңдік жағдайда қимыл - қозғалыс, жаяу жүру де аса маңызды, - деді ол.

Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын кезекті онлайн брифингтердің бірінде бірінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас штаттан тыс пульмонологі Сәуле Қасенова да "коронавирус – ағза үшін иммундық стресс. Реабилитациялық мерзім кезінде денсаулыққа қазақтың ұлттық сусындары - қымыз, шұбат оң әсер береді", деген еді.

Қалай дегенмен де, қазіргідей қиын кезеңде ашыту технологиясы мен уақытына қарай саумал, бал қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, тіпті қуаттылығына қарай «патша қымыз» деген қымыз түрлерінің адам денсаулығына берер пайдасы мол екені анық. Бірақ, мамандар асқазан аурулары немесе панкреатит сияқты қосымша дерті бар жандар қымызды дәрігердің нұсқауымен пайдаланған жөн екенін ескертеді. 

 

 

 

.

Өзгелердің жаңалығы