Халықаралық ұйымдармен байланыс нығаяды
24 Қараша 2021, 13:49 73

Халықаралық ұйымдармен байланыс нығаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістанға БҰҰ Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори мен БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Олар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюповпен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады.

Атап айтсақ, кездесуде екіжақты ынтымақтастық жайлы сөз болып, әріптестікті нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен бірге білім сапасын жақсарту, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, инклюзивті білім беру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде де айтылды. Халықаралық ұйым өкілдері Түркістан облысында оқушыларды мектеппен қамту, білім сапасын арттыру жөнінде де сұрақтарын қойып, пікір алмасты.



Рашид Аюпов Түркістан облысының жаңадан құрылғанын, өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе облыс әкімдігі халықаралық ұйымдармен әріптестікті жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді.

ЮНИСЕФ-тің көмегімен биыл өңіріміздегі оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетілген болатын. Бұл әріптестік жалғасады. Қос тарап балалардың құқығын қорғау, білім алуына жағдай жасау, оларды жан-жақты дамыту бағыттарында бірлесе жұмыс істеу жөнінде уағдаласты. Келесі жылы жүзеге асатын жоспарларды сараптады. Атап айтсақ, Түркістан облысының талантты оқушыларына қолдау көрсету, олардың шетелдің танымал оқу орындарына түсуіне жағдай жасау, балаларды әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін сақтау бағыттарында бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болды.



Фото: дереккөз
Загрузка...