Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінің өкілдері жарысты аяқтады.
«Классиктер» арасындағы соңғы жарыс күнінде 60, 77 және 130 келідегі жеңімпаздар мен жүлдегер есімі анықталды.
Ақтөбе облысының тумасы, 60 келідегі Мейрамбек Айнағұлов ел қоржынына екінші қоланы сыйлады. Ол кіші финалда украиналық Ленур Темировті 10:0 есебімен жеңіп, өзінің жүлде қоржынын әлем біріншілігінің қола жүлдесімен толықтырды. Осыған дейін Мейрамбек 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген еді.
«Еліміздегі әлемдік доданы жүлдемен аяқтағаныма қуаныштымын. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтамын. Қола медальдан бөлек, Олимпиада жолдамасына қол жеткізгеніміз де үлкен жетістік. Бұйырса, 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасында алтын медаль алуды мақсат етіп отырмыз», - дейді Мейрамбек Айнағұлов.
Ал 77 келіде екі бірдей мықтыны жүлдеден құр қалдырған Асхат Ділмұхамедов әлем біріншілігін бар болғаны бесінші орынмен тәмамдады. Роман Власов пен Виктор Немешке көп күш жұмсаса керек, қазақ балуаны кіші финалда жеңіліс тапты. Қола медаль үшін күресте өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтан айла асыра алмай, 1:3 есебімен жеңілген Асхат Олимпиада жолдамасын қанағат тұтады.
Грек-рим күресінен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері: