«Green TAL» әлеуметтік шеберханасында «Жас ұста» тегін курсы іске қосылды

10 Сәуір 2019, 10:15
2385
Бөлісу:
«Green TAL» әлеуметтік шеберханасында «Жас ұста» тегін курсы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Курс аз қамтылған отбасылардан шыққан 14 жастағы балаларға арналған, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Бұл бастама туралы «Green TAL» шеберханасының жетекшісі, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров Facebook парақшасында жариялады.

«Егер Сіз 14 жастағы балалар тұратын аз қамтылған отбасылар туралы білсеңіз, онда бұл ақпаратты оларға айтыңыз. Біздің қолөнершілер қолданбалы ағаш өңдеу (ағаш/шере) дағдыларын үйретеді. Үздік оқушылар қосымша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Тренинг тегін жүргізіледі. Оқу кестесі әр балаға жеке сәйкестендіріледі», - делінген жарияланған ақпаратта.

Эмин Әскеровтың айтуынша, бес адамнан тұратын бірнеше топ құрылатын болады.

«Алдымен біз екі-үш топ құра аламыз, әрқайсысында шамамен бес адамнан болады. Біз балаларды толық күн бойы тарта алмаймыз, оларда өздерінің сабақтары бар. Олар үшін физикалық жағынан қиын. Сондықтан сабақтар аптасына екі сағаттан бірнеше рет өтеді. Әрине, балалардың осы әлеуметтік санатқа жататындығын түсіну үшін құжаттары болуы тиіс. Заң бойынша, 14 жастағы балалар толық емес жұмыс уақытында жұмысқа орналаса алады, сондықтан болашақта оларды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отырмыз», - дейді кәсіпкер.

«Green TAL» әлеуметтік шеберханасы елордада 2015 жылдан бастап жұмыс істейді.

Жобаның негізгі мақсаты – мүгедектер, балалар үйлерінің түлектері, жалғызбасты аналар, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандар сияқты халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды жұмысқа орналастыру.



Өзгелердің жаңалығы