Cәкен Ділдахмет: Браконьерлерді бас бостандығынан айыру керек

18 Қаңтар 2019, 12:03
11243
Бөлісу:
Cәкен Ділдахмет: Браконьерлерді бас бостандығынан айыру керек
PHOTO VIDEO

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2015 жыл қазақ даласындағы киіктердің қырылуымен есте қалса, 2019 жылдың басы киіктерді қорғамақ болған инспектордың браконьерлер қолынан қаза табуымен есте қалып отыр. Жабайы аңдарды жөнді-жөнсіз атып жүргендер кімдер? Үш жыл бұрын үштен екі бөлігі қырылып қалған киіктердің саны қазіргі уақытта қаншаға жетті? Киелі жануарды қанша инспектор қорғайды және олардың жалақылары қандай? Аңшылық пен браконьерліктің егіз ұғым болып кетуіне не себеп? Тілші осы және басқа да жануарлар әлеміне қатысты сұрақтар төңірегінде ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметпен әңгімелесті.

Киікті қорғаймын деп қаза тапты

Cәкен Ділдахмет: Браконьерлерді бас бостандығынан айыру керек
Суретте инспекторы Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлы
Фото: Оспан Әли

BAQ.KZ: Былтыр 6 маусым күні әлеуметтік желіге Сіз көктемде Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында киікпен түскен кейіпкердің фотосын салып, «тіл-көзден, ауру-сырқаудан және браконьерлердің арам ниетінен сақтасын!» деп жазған болатынсыз. Биыл, арада жарты жыл өткенде фотодағы кейіпкер, табиғатты қорғау инспекторы Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлы браконерлердің қолынан қаза тапты. Бұл жағдайға қатысты не айта аласыз? Браконьерлердің кісі өлтіруі қаншалықты жиі орын алатын жағдай?

Сәкен Ділдахмет: Сайын даладағы жан-жануарларды сақтау, қорғау – оңай жұмыс емес. Біздің жұмыста қаскөй браконьерлермен төбелесу фактілері өте көп. Биыл 13 қаңтар күні болған оқиға біздің мекеме үшін, табиғат сақшылары үшін өте ауыр жағдайлардың бірі болды. Инспекторлар күнделікті жұмыс барысында атылған бес киіктің өлексесін тауып, сол жағдай бойынша анықталған екі көліктің артынан қуу жұмыстарын жалғастырған. Жұмыс нәтижесі бойынша екі инспектор өз көліктерімен бір браконьердің көлігін қуып жетіп, мән-жайды анықтау барысында браконьерлер тарапынан шабуыл жасалып, соның салдарынан инспекторлардың біреуі қаза тапса, екіншісі ауыр жарақат алды. Мұндай жағдай бірінші рет болды. Бұл дала кезіп, күн-түн демей, қыстың суығы, жаздың ыстығына қарамай еңбек ететін инспекторлардың жұмыстары қаншалықты ауыр екенін көрсетеді. Бұл – еліміздің табиғатын сақтап қалу үшін жасалған үлкен істердің бірі.

Сәкен Сейфуллин өлеңге қосқан мәселе әлі де өзекті

BAQ.KZ: Киіктің киелі жануар екені жиі айтылады. Сіз бұл жануарды қалай сипаттар едіңіз?

Сәкен Ділдахмет: Сәкен Сейфуллиннің:

«Арқаның Бетпақ деген даласы бар,

Бетпақ-шөл, ойлы-қырлы панасы бар.

Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген

Жәндіктің киік деген баласы бар» деген өлең жолдары бар.

Қызығы сол – «кей қазақ кәсіп қылып киік атқан, мүйізін пайда қылып, шетке сатқан» деген өлең жолдары арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпаған. Киелі жануар екеніне қарамастан, оны заңсыз ату жалғасуда. Киік – ерекше жануар. Бір қарасаңыз қойға ұқсайды, бір қарасаңыз кең далада топталып, жел жеткізбей шабады. Сәуір айының аяғы мен мамыр айының басында күн де жылиды, салқын самал да есіп тұрады. Ауылдағы қариялар мұны «құралай жел» деп атайды. Дәл осы кезде киіктер төлдей бастайды. Киіктің лағы күннің ыстығына төтеп бере алмайды, сондықтан салқын кезде төлдейді. Егер енесі лағын тастап кетсе, басқа киік оны емізіп жүре береді, яғни аналық инстинктері жақсы дамыған.

Әлемдегі киіктердің 95 проценті Қазақстанды мекендейді

Cәкен Ділдахмет: Браконьерлерді бас бостандығынан айыру керек
Фото: ашық дереккөзден

BAQ.KZ: Киіктердің популяциясы қалай? Олар жер бетінің қай жерлерін мекендейді?

Сәкен Ділдахмет: Киіктің бір түрі ғана бар, оның сақталған бес популяциясы бар. Бір популяциясы Ресей Федерациясында, тағы бір популяциясы Моңғолияда, ал қалған популяциясы Қазақстанда, олар: бетпақдалалық, үстірттік және оралдық түрлері. Бүгінде әлемдегі киіктердің 95 проценті Қазақстанда. Қазақстанда 215 100 бас, Ресейде 3 000-ға жуық, Моңғолияда 4000-ға жуық бас бар. Біздің киіктер еліміздің 10 облысының аудандарында қысы-жазы әрі-бері көшіп жүреді. Көктем, жаз мезгілдерінде Ресей, Өзбекстан территориясына барып, қайтып оралады. Ғалымдардың айтуы бойынша, киіктердің антропологиялық тарихы көне замандағы динозаврлармен жасты, әлемде сирек кездесетін жануарлардың бірі. Мұндай табиғат сыйы – біз үшін үлкен бақыт.

Ең төменгі жалақыны мұғалім емес, орманшы алады

BAQ.KZ: Қазір Қазақстандағы киіктерді қанша инспектор қорғап жүр?

Сәкен Ділдахмет: Еліміздің табиғаты мен жануарлар дүниесін 720-ға жуық инспектор қорғайды. Ал киікті қорғау жұмыстарын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне тиесілі Орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы айналысады. 10 облысты қамтитын 123 миллион гектар жерде аталған мекеменің 220 инспекторы киіктерді қорғайды. 104 жоғары жылдамдықпен жүретін автокөлік бар. Бұл жұмыс қиын болғандықтан, мамандарды тарту жағы, олардың әлеуметтік жағдайын реттеу жағы орташа. Жоғарыда айтып өткен браконьерлер қолынан қаза тапқан инспектордың жалақысы 80-90 мың теңге ғана. Ол осындай жалақы алса да, жұмысына адал болып, тіпті өмірін қиды. Көбі мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы аз екенін айтады. Ал шын мәнінде ең аз жалақыны орманшы алады. Оның жалақы мөлшері бар болғаны 30-40 мың теңге ғана. Оның отбасы, бала-шағасы бар, одан бөлек табиғат аясында жұмыс істеу өте қауіпті. Орманда өрт болуы мүмкін, жабайы аңмен бетпе-бет келуің мүмкін немесе браконьерлермен текетіресуің мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруіміз керек.

Браконьерлерді бас бостандығынан айыру керек

BAQ.KZ: Заңсыз аң ату не себепті азаймай тұр?

Сәкен Ділдахмет: Инспекторлар браконьерлерді ұстаған кезде барлық дәйектемелерді ішкі істер органдарына өткізеді. Олар бұл факті бойынша іс қозғап, ары қарай сотқа бағыттайды. Осы тұста көптеген мәселе бар. Белгілі себептермен анықталған фактілер бойынша талдау тағайындалмайды. Соның салдарынан істер де соңына дейін бармай жабылып жатады. 2017 жылдан бері біз ҚР Парламентіне жабайы аңды заңсыз атқан адамды айыппұл төлеумен ғана шектемей, жеке бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс жасап келеміз. Көбінесе сот шешімі бойынша қылмыскер шартты түрде ғана бас бостандығынан айырылады. Яғни, кінәлі адам мемлекетке айыппұлын төлеп, бұл ісін қайта жалғастыра береді. Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында киік атумен айналысатын арнайы ұйымдасқан топтар бар. Біз оларды ұстап, әшкерелейміз, бірақ сот шешімі бойынша шартты түрде ғана бас бостандығынан айырылады. Осы жағдайды өзгерткенде ғана нәтиже көре аламыз.

Адамдар мақтаншақ болып барады

BAQ.KZ: Өткен жылы киік ату бойынша неше факті тіркелді?

Сәкен Ділдахмет: 2018 жылы киікті заңсыз ату бойынша 77 факті тіркелді. 429 киіктің өлексесі және 501 киік мүйізі тәркіленді. Бұл – ресми деректер ғана, ал бұдан бөлек қаншама киік мүйізі заңсыз түрде шекара асып, Қытай медицинасында қолдануда. Қытай медицинасының маркетингінің басымдылығы тек біздің елге ғана емес, әлемдегі басқа да мемлекеттерге кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, пілдерге де, мүйізтұмсықтарға да, акулаларға да қауіп төнуде. Былтыр дүниежүзілік жабайы жануарларды сақтау қоры ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, соңғы 30 жыл ішінде әлем бойынша барлық жабайы жануардың саны 60% қысқарғанын анықтады. Бұл – жылдан жылға адамдардың ниеті тұтынушылықтан гөрі, жабайы, мақтаншақтыққа ауысып жатқанын көрсетеді. Қазір жабайы аңды атып алып, сату – қара нарықтағы табыстың оңай көзіне айналды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз керек

BAQ.KZ: Браконьерлер өз әрекеттерін көп жағдайда қалай түсіндіреді?

Сәкен Ділдахмет: Оларды ұстап алған кезде аңдарды неге атқанын сұраймыз. Олар «Олар далада жүрген аңдар. Сен бағып жүрсің бе не? Шаруаң қанша!» дейді. Мемлекет жабайы жануарларды қорғау, оларды көбейту мақсатында ақша бөледі, демек бұл – мемлекеттің қазынасы. Оны жайдан жай атып алуға ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай әрекет жасасаңыз заң алдында жауап бересіз. Осы туралы айтқан кезде адамдардың көбі мән бермейді. Бұл – экологиялық мәдениеттің төмен екенін көрсетеді. Өз отбасыңның мүшелеріне қалай құрметпен қарайсың, табиғатқа да, оны мекендейтін жан-жануарларға да солай қарау керек.

Аңшылық пен браконьерліктің арасы жер мен көктей

Cәкен Ділдахмет: Браконьерлерді бас бостандығынан айыру керек
Фото: ашық дереккөзден

BAQ.KZ: Қазіргі уақытта аңшылық пен браконьерлікті егіз ұғым деп санайтындар бар. Шын мәнінде аңшылық – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр емес пе. Екеуінің аражігін ажыратып берсеңіз.

Сәкен Ділдахмет: Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Қазақ халқында құсбегілік, саятшылық деген ұғым бар. Ол – ермек, спорт түрі. Аңшылық арқылы жануарлар санын реттеп отырамыз. Егер олардың саны реттелмесе – табиғаттағы баланс бұзылады. Мысалы, марал, бұғылардың саны күрт өсіп кетсе, көкөніс, дәнді дақылдарды жеп қояды. Соның салдарынан аюлар қорек таба алмай, саны күрт азайып кетеді. Қазақстандағы қазіргі жағдай қалай? Қолына билік біткен шенеунік болсын, қалталы кәсіпкер болсын - қармен жүретін, жол талғамайтын көлікке, тікұшаққа мініп алып, аңға шығады. Бұл аңшылық па? 5 адам аңға шығып, 200 үйректі атып алады. Ол үйректерді жеп үлгермейсің, өлексені үйіңдегі итің де жемейді. Бұл аңшылық па? Осындай себептерден қазіргі уақытта аңшылық пен браконьерлікті ажырата алмай қалатындар бар. Аңшылық пен браконьерлікктің бір ұғым болып кетуі – заңнаманың әлсіздігінен болған нәрсе, яғни әркім ойына келгенін істей бастады. Соңғы 2-3 жылда табиғат саласындағы заңнамалар күрт күшейіп жатыр.

BAQ.KZ: Мысалы?

Сәкен Ділдахмет: Екі жыл ішінде көктемгі аңшылыққа тыйым салдық. 16 ақпаннан бастап 14 маусымға дейін еліміздегі кез келген жануарды атуға тыйым салынды. Себебі осы уақытта жан-жануарлар төлдейді. Біздің Қазақстанда мықты аңшылар бар екенін ескеру керек. Қазақстанда 101 аңшылық шаруашылық бар. Олар жабайы аңдардың санын көбейтумен айналысады, шетелдік аңшыларды елімізге шақырады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда олар еліміздің экономикасына пайдасын тигізіп жатыр. Олар ешқашан барконьерлікке бармайды. Мысалы, баласымен келе жатқан аңды көрсе, енесін атпайды. Олай етсе, аңның баласы басқа жыртқыш аңдарға жем болады. Нағыз аңшылар мұның бәрін ескеріп, аңшылық этикетін сақтайды.

BAQ.KZ: Жұмыс барысында заңсыз аң аулауға қатысты тағы қандай себептерді байқадыңыз?

Сәкен Ділдахмет: Ауыл-аймақтарды аралаған кезде байқайтыным: мектеп пен біздің мекемеден басқа ғимараты, жұмыс орындары жоқ ауылдар бар. Олар қалай күн көреді? Балықты, аңды заңсыз аулаумен күн көреді. Оларда қосымша жұмыс күштері болса ауыл тұрғындары браконьерлікпен айналысуға мәжбүр болмас па еді.

Киіктер не себепті қырылғаны анықталды

Cәкен Ділдахмет: Браконьерлерді бас бостандығынан айыру керек

BAQ.KZ: 2015 жыл 150 000-нан астам киіктің қырылуымен есте қалды. Олардың қырылу себептері анықталды ма?

Сәкен Ділдахмет: 2015 жылы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында, жалпы қазақ даласы үшін жұт болды десе болады. Бар-жоғы 1-2 апта ішінде 150 000 бас киік қырылды. Сол кезде ҚР Үкіметі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені бірден қолға алды. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Зоология институты, Ветеринария комитеті, сол кездегі Энергетика министрлігі, Ресейдің ветеринарлық лабароториясы, Ұлыбританияның корольдік ветеринария колледжі және әлемнің «менмін» деген барлық ветеринарология саласындағы үздік мамандары келіп зерттеді. Зерттеу нәтижесінде киіктер пастереллез ауруы салдарынан қырылғаны анықталды. Бұл әлем назарында болған оқиға болғандықтан, киіктер не себепті қырылғаны әлемдік деңгейдегі басылым беттеріне де жарияланды.

BAQ.KZ: Жыл сайын киіктердің саны қаншалықты өсіп келеді?

Сәкен Ділдахмет: 2015 жылы киіктердің үштен екі бөлігінен айырылып қалсақ, соған қарамастан 2017 жылы киіктер саны 153 000 басқа, ал 2018 жылы 215 100 басқа жетті. Совет Одағы кезінде  мың тоғыз жүз сексенінші жылдары Қазақстанда киіктер саны 2 миллионға жуық болған. 1990-2000 жылдары заңнамалық нормалар әлсіз кезде киіктер күрт азайып, саны 20 000 ғана бас болып қалды. Демек, 100% киіктен 1% ғана қалды. Қорғау шараларының нәтижесінде қазір киіктер саны орта деңгейде. 2021 жылға дейін киік атуға мораторий жарияланды. Ендігі мақсат – киік санын кем дегенде 500 мың басқа жеткізу. Табиғаттың осынау керемет жаратылысын болашақта кітаптар мен планшеттен ғана көргіміз келмесе – бәріміз табиғатты аялауды, қорғауды үйренуіміз керек.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!


Зарина Әбілмәжінова
Өзгелердің жаңалығы