«Еуропаны еуропалықтарға қалдырыңыз да, өз ісіңізбен айналысыңыз»: Нығматулин Цойға осындай кеңес берді

9 Маусым 2021, 12:25
4521
Бөлісу:
«Еуропаны еуропалықтарға қалдырыңыз да, өз ісіңізбен айналысыңыз»: Нығматулин Цойға осындай кеңес берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс отырысында депутат Лариса Павловец Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға халықтың медициналық қызмет көрсету сапасы және қолжетімділігіне көңілдері толмайтынын, мұндағы көрсеткіш тек 53,3%-ды құрайтынын айтты.

Медициналық қызмет көрсетудің сапасын және қолжетімділігін арттыруға 1,6 трлн жұмсалды. Бұл - өте қомақты сома. Үкімет есебіне сүйенсек, міндетті мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу аясында амбулаториялық жағдайда емдейтін арнайы медициналық мекемелерге бөлінген қаржы бес есе, дәрі-дәрмекпен қамту 65 пайызға өскен. Ал медициналық реабилитацияға жұмсалатын қаржы екі есеге ұлғайтылды. Мұншалықты қаржы жұмсалғанына қарамастан, пациенттердің медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігіне неге көңілдері көншімей отыр? - деген сауал қойды депутат.

Министр Цойдың айтуынша, өткен жылы денсаулық сақтау саласына шын мәнінде үлкен қаржы бөлінді. Оның басым бөлігі пандемиямен күреске бағытталды. Және жоспар бойынша ауылдық жерде медициналық қызмет көрсету мен қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Ал халықтың қызмет көрсету сапасына көңілдері толмай отырғаны объективті баға. Дегенмен әлемдік тәжірибеде қызмет көрсету сапасына пациенттерден берілген оң баға 65 пайыздан сәл асады. Тіпті, Еуропада да солай, - деді министр.

Алексей Цойдың бұл жауабы Мәжіліс спикерінің ашуын келтірді.

Еуропаны не қыласыз, Еуропаны еуропалықтарға қалдырыңыз да, өз ісіңізбен айналысыңыз. Окоптан шығатын кездеріңіз баяғыда келген. Министр мырза, халықтың арасына шығыңыз. Адамдармен санитарлық дәрігердің қаулысы арқылы байланыс ортануды қойыңыз. Ауруханаға барыңыз, әсіресе, аудандық ауруханаға. Барыңыз да, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділіктің шын мәнінде қандай екенін көзбен көріңіз. Ол жерде кезекте отырған адамдармен тілдесіңіз. Сол кезде өз жұмысыңыз туралы көп нәрсе білесіз, - деді Нығматулин.

Ол Алексей Цойға неге статистиканы, методологияны, Еуропаны тықпалай беретіндерін сұрап, денсаулық сақтау жүйесіне қазір оңай емес болғанымен, халықпен байланыс орнататын кез баяғыда келгенін айтты.

Тек Коммуникация орталығында баяндама жасап орнатылған байланыс - байланыс емес. Дайын баяндаманы оқисыздар да, кетесіздер. Оның өзінде журналистердің сұрақтарына жауап берілмей қалады. Ауруханаға барып, халықпен тілдесіңіздер. Сіздер кім үшін жұмыс істеп жатырсыздар? - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы