Бас жаңалықтар
Қазақстан мен Еуроодақ ПЫК-тың кезекті отырысы өтті
01 Ақпан 2019, 20:34 976

Қазақстан мен Еуроодақ ПЫК-тың кезекті отырысы өтті

Астана, BAQ.KZ. «Қазақстан Республикасы -Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің (ПЫК) кезекті 16-шы отырысы сындарлы диалог пен саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара ынтымақтастық мәселелері бойынша ашық пікір алмасу рухында өтті.

Құрамына Сенат пен Мәжіліс, Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері кірген қазақстандық делегацияны Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман; еуропалық делегацияны Орталық Азия және Моңғолия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық парламент (ЕП) делегациясының төрайымы Ивета Григуле -Петерс (Латвия) басқарды.

Комитет отырысы басталғанға дейін Еуропалық парламенттің Президенті Антонио Таянидің атынан Қазақстан делегацияны ЕП вице-президенті Павел Теличка (Чехия) қарсы алды. П. Теличка Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға беріп, Еуропарламенттің Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге деген нық ниетін білдірді.

ПЫК отырысы барысында тараптар 2018 жылы Астанада өткен Комитеттің соңғы отырысынан бері қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқарылғанын және Парламенттік ынтымақтастық комитеті тиімді пікірталас алаңына айналғанын атап өтті.

Осы кездесудің күн тәртібіне сәйкес білім, қоршаған орта және су ресурстары, өңірлік қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, заң үстемдігі және адам құқықтары саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

М. Ерман өз сөзінде біздің еліміздің ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі Еуроодақпен қарым-қатынас Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық векторларының бірі болып табылатынын атап өтті.

2015 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ және оған мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КЫӘК) сапалы жаңа қарым-қатынастарды көрсетеді және ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашады. Осыған байланысты Келісім толық күшіне енуі үшін қалған үш мемлекеттің КЫӘК-ті тездетіп ратификациялауын қамтамасыз етудің маңызы аталып айтылды.

Қазақстандық және еуропалық парламентарийлер Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының тұжырымдамасын талқылады. Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің өкілі Борис Ярошевич атап өткендей, бұл 10 жылға есептелген ауқымды құжат болады және оны әзірлеу осы жылдың 15 мамырында аяқталады. Жаңа Стратегияның мақсаты «Орталық Азия халықтарының тұрақты дамуы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған өңіраралық өзара іс-қимылды тереңдету» болып табылатыны атап өтілді.

Сондай-ақ, тараптар 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан мен Өзбекстанда ауған қыздарын оқыту бойынша бірлескен бағдарламаның іске қосылуын құптады. Бұл аймақаралық жемісті өзара іс-қимылдың жарқын мысалдарының бірі болуы тиіс және Брюссель бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млн.еуро бөледі.

Еуропалық тарап Қазақстанның Астана процесі аясындағы сириялық дағдарысты реттеуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. ЕП депутаты Андрей Мамыкинс (Латвия) қазақстандық дипломаттар Сирия үкіметі мен қарулы Сирия оппозициясы арасында диалог орнатуға тікелей көмектескенін атап өтті.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қазақстандық тарап өз алдына «осындай диалог үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету және астаналық алаң Женева келіссөз процесінің тиімді демеуіне айналуға тиіс» міндетін қойып отырғанын атап өтті. Оқ жаудыруды тоқтату режимін нығайтуға және басқа да практикалық мәселелерге арналған келіссөздердің келесі кезеңі осы жылдың ақпан айына белгіленген.

Осыған байланысты сенатор Бірғаным Әйтімова «Жұсан» арнайы операция туралы айтып берді, сол операцияның нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы жақында Сириядан сәтті эвакуацияланды.

Отырыс барысында Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасылды. Қазақстандық делегация осы саладағы соңғы өзгерістер туралы хабарлады. Еуропалық тарап Қазақстанның сот-құқықтық жүйесін реформалау жөніндегі заңнамалық бастамаларын қолдайтындығын растады.

Еуродепутат Хельга Стивенс (Бельгия) мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау саласында Қазақстан мен Еуроодақ көп жұмыс жүргізетінін атап өтті. Өзара іс-қимылдың заңдық негізі ретінде БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары туралы конвенциясы болды, біздің еліміз тиісті халықаралық стандарттарды имплементациялау бойынша өзіне міндеттеме алып, оны ратификациялағанына үш жыл болды.

Сондай-ақ, парламентарийлер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның негізгі ережелерін, Арал теңізінің проблемаларын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және т. б. мәселелерді талқылады.

«Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің осы отырысы 2019 жылғы 23-26 мамырда өтетін Еуропарламентке жалпыеуропалық сайлау алдындағы қорытынды отырысы болды.

Сізден жаңалық