Этникалық көші-қон саласына өзгерістер енгізілмек

27 Маусым 2019, 12:24
3421
Бөлісу:
Этникалық көші-қон саласына өзгерістер енгізілмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте көші-қон мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды.

Заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ахмади Сарбасов таныстырды.

"Этникалық көші-қон саласына қандай өзгерістер енгізіледі? Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растау қажет. Іс жүзінде, 1991 жылдан кейін туған этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты, «оралман» ұғымын жаңа редакцияда жазу ұсынылады, оған сәйкес этникалық қазақ бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмауы негізгі критерийі болады", - деді Ахмади Сарбасов.

Вице-министрдің айтуынша, екіншіден, оралмандар үшін қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ өткізілетін құжаттардың тізбесі қайталануына байланысты, өтініш берушіге тұрақты тұруға рұқсатын және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарын бір мезгілде беру мүмкіндігі көзделеді.

"Үшіншіден, Қазақстанда қазіргі уақытта оралмандар үшін бейімдеу және ықпалдастыру бойынша 3 орталық бар. Олар Қарағанды, Шымкент қалаларында және Түркістан облысы Ақсукент ауылында орналасқан. Сонымен бірге, мұндай орталықтар Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында орталықтардың құрылуына қарамастан, оралмандар мен қоныс аударушылардың қоныс аудару өңірлерінде (Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысы) құрылмаған. Осыған орай, нормативтік құқықтық базаны алдын ала дайындау мақсатында Орталықтардың бейімделу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету функцияларын  оралмандарға ғана емес, қоныс аударушыларға да кеңейту ұсынылады", - деді Сарбасов.

Вице-министр мəліметінше, төртіншіден, бүгінгі күні қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге азаматтардан өтініштер қабылдау құзыреті жергілікті атқарушы органдарға, атап айтқанда, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларына жүктелген. Бірақ, іс жүзінде барлық қоныс аударушылар жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіреді. Сондықтан, осы құзыретті жұмыспен қамту орталықтарына заңды түрде бекіту ұсынылады.

Атап өтсек, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Ішкі істер, Сыртқы істер, Қаржы, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысып отыр. Қазір заң жобасы талқылануда.



Өзгелердің жаңалығы