Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Базарға етін шығару үшін кәсіпкерлер мал дәрігерлеріне пара беріп, жалған анықтама алып келген.
Бұл туралы апта сайынғы брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин айтты.
«Базарда сатылатын өнімдердің нашар күйі мен ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың жоқтығы қоғамның наразылығын тудырып отыр. Жаппай түрлі тағамнан, соның ішінде ет өнімдерінен уланған адамдардың жағдайы БАҚ пен интернетте халықтың талқысына түсуде. Соның өзінде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елімізде азық-түлік сапасының жағдайы нашар. Осыған байланысты Агенттіктің жергілікті департаменті арнайы мониторинг жүргізді. Базарда және дүкенде сатып алып жатқан етті тұтыну қауіпсіз бе, түрлі ауруларға толы ет өнімдерін сатып алудан бізді шектейтін бөгеттер шын мәнінде жұмыс істей ме? Агенттік қызметкерлерінің тескерісі жағымсыз нәтижелерді көрсетті. Яғни қазір ет өнімдері нарығында ветеринарлық және эпидемиологиялық бақылау мүлдем жоқ десек те болады. Бұл жағдайдың себептерінің бірі – парақорлық», - деді Бердалин.
Көкшетаудағы коммуналдық базарға ет өнімдерін шығару үшін кәсіпкерлер әрбір бас 3-5 мың теңге пара беріп, жалған анықтама алған.
«Ақмола облысында қыркүйек айында Агенттіктің облыс бойынша департаментінің қызметкерлері Көкшетау қаласының ветеренария бөлімінің бас маманы және жеке компанияның мал дәрігерін ұстады. Аталған тұлғаларға 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ет өнімдерін жеткізушілерден жүйелі түрде заңсыз материалдық сыйақы алып тұрған. Өткізілген жұмыс нәтижесінде коммуналдық базарға ет өнімдерін жеткізетін азаматтар мал дәрігерлеріне әрбір бас үшін 3-5 мың теңге мөлшерінде пара бергені анықталды. Нәтижесінде оларға еттің қандай да бір ауруға шалдықпағанын растайтын жасанды ветеринариялық анықтамалар беріп отырған», - деді Бердалин.
Айтуынша, тексерістен кейін осындай қылмыспен 15-тен астам адам жауапқа тартылып жатыр.
«Базарға келіп түсетін еттің барлығы қажетті ветеринариялық тексерістен өтпейтіні, әрі қарай халыққа еш бөгетсіз таралатыны анықталды. Олардың қызметіндегі бақылаудың жеткіліксіздігі және ашықтықтың болмауы ет өнімдерін жеткізушілердің ветеренария саласының мамандарына пара беруді қылмыстық жауапкершілікке алып келетін әрекет болғанына қарамастан қалыпты құбылыс ретінде есептеуіне алып келді. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған екі адаммен қоса пара бергені үшін осындай кәсіпкерлердің 15-тен астамы жауапқа тартылуда», - деді Бердалин.