Ерлан Сайыров: Елдің басты байлығы – ұстаздар екенін түсіндік

27 Мамыр 2020, 16:03
2559
Бөлісу:
Ерлан Сайыров: Елдің басты байлығы – ұстаздар екенін түсіндік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Ұлттық кеңестің бұл жолғы отырысында еліміздегі білім-ғылым мәселесі, мектеп, оқушылардың жағдайы сөз болды.

Кеңесте талқыға салынған мәселелер туралы Еуразиялық интеграция инститының директоры Ерлан Сайыров өзінің Facebook парақшасында пікір білдірген еді.
Бүгін адам капиталын дамытуға арналған ұлттық кеңестің үшінші отырысы аяқталды. Мемлекет басшысының баяндамасы нақты, қысқа және мазмұнды болды. Артық поэтика, патетика болған жоқ. Әлеуметтік саланы дамытудың кейбір әсерлі аспектілерін тізіп шықсам: 1) Ғылым саласын қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-на дейін арттыру. 2) 2025 жылға қарай 650 000-нан астам орынға арналған 800 жаңа мектеп, ауыл мектептеріне арналған 114 интернат, 700-ден астам спорт залын салу. 3) Білім беру инфрақұрылымына инвестициялардың қаржылық тартымдылығы мәселесін пысықтау мәселелері сөз болды, - дейді ол.
Ерлан Сайыров кеңесте баса назар салынған мәселенің бірі - қала және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту болғанын айтты. 
Барлық бала тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі тиіс. Бұл мәселе де кеңесте қаралған маңызды сала. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру жайы да қаралды. 2023 жылға қарай олардың жалақысы ұлттық экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болуы тиіс екені айтылды. Педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің стипендиясын 26 000 теңгеден 42 000 теңгеге дейін көтеру, дәрігерлік қателіктер мен клиникалық зерттеулер тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылықтың орындылығын қайта қарау, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту мәселелері қозғалды, - деді ол.
Оның ойынша, пандемияның арқасында біз еліміздің басты байлығы – мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар және еңбек адамдары екенін түсіндік.
Өзгелердің жаңалығы