Енді билік органдарымен соттасқанда жағдай басқаша болады

1 Шілде 2021, 15:14
2403
Бөлісу:
Енді билік органдарымен соттасқанда жағдай басқаша болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс қарапайым азаматтардың мүддесін қорғайтын болады. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусин айтты.

Біреу әкімдіктің шешімімен келіспесе, сотқа барады. Ал сот ол дауды осы күнге дейін азаматтық процестік кодекстің тәртібімен қарап келді. Ол Кодекстің ерекшелігі – біріншіден, екі тарап тепе-тең. Сот процесі жарыспалы түрде өтеді. Кімнің дәлелі мықты, кім сотты барынша сендіреді, сол дауды жеңіп шығып жүрді. Екіншіден, сол әкімнің шешімі дұрыс еместігін сот процесінде арыз иесінің өзі дәлелдеуі тиіс. Бірақ жай адам мен кәсіпкерді қолында билігі бар органмен салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Мемлекеттік органның заңгерлері бар, мүмкіндігі көп. Сондықтан ондай даулардың көбісі қалай аяқталатынын бәріміз жақсы білеміз, - дейді Қанат Мусин.

Ол даулардың 85%-ы мемлекеттік органдардың пайдасына шешіліп келді, осылай болған соң соттарға, жалпы билікке жұрттың өкпесі қара қазандай деп айтты.

Жаңа кодекс бойынша даулар мүлдем басқа принциптермен қаралады. Мұнда тараптар тең емес. Сот арыз иесі ретінде жеке азаматқа немесе кәсіпкерге барынша көмектеседі. Сол әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз ба, оны енді талапкер дәлелдемейді. Сол шешімді қабылдаған әкімдіктің өзі оның заңдылығын, қажеттілігін, негізділігін дәлелдеуі тиіс, - дейді сот алқасының төрағасы.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексіне қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы