Ең қымбат азық-түлік қай облыста екені белгілі болды

11 Наурыз 2021, 11:06
1522
Бөлісу:
Ең қымбат азық-түлік қай облыста екені белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 2,6%-ға өсті. Жылдық мәнде олар 13,2%-ға қымбаттады. Бұл туралы Үкіметтің онлайн отырысында Сауда және Интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.

Оның айтуынша, ең жоғарғы өсім, яғни 3,3%, Батыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласында тіркелді. Олардан кейін тағы 8 өңірде еліміздегі тіркелген орташа деңгейінен жоғары, яғни 2,7%-дан 2,9%-ға дейін бағаның өсіміне жол берілді. 

Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағалары өсім көрсетті. Мәселен, жұмыртқа өндірістің 8,4%-ға қысқаруы, жем мен пестицидтердің 25%-ға қымбаттауы, сондай-ақ құс тұмау таралуы салдарынан қымбаттады. Ал, күнбағыс майы мен қанттың бағаларының өсіміне әлемдегі бағаларының өсуі, көрші елдердегі егіс алқаптарын қысқаруы және экспорттық өнімнің қымбаттуы себеп болды, - деді ол.

Министрдің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет. 

Бағаларды тұрақтандыру мақсатында министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаларды тұрақтандыру бойынша Жол картасын әзірледі. Құжат 44 нақты шарадан тұрады. Әр шара бойынша нақты орындау мерзімі мен жауапты тұлғалар бекітіледі. Олар наурыз айынан бастап іске асырылады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы