Елордада Корей түбегіндегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды

26 Қараша 2020, 11:06
2284
Бөлісу:
Елордада Корей түбегіндегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі «Корей түбегіндегі қауіпсіздік мәселелері және Қазақстан Республикасының денуклеаризация саласындағы тәжірибесі» тақырыбында онлайн вебинар ұйымдастырды. 

Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға Корей қорғаныс талдауы институтының (KIDA) ғылыми қызметкері Ким Джина, Йонсей университетінің Солтүстік Корея зерттеулері бойынша ғылыми қызметкері Бонг Яншик, Корей қорғаныс талдауы институтының (KIDA) ғылыми қызметкері Чхон Мен Гук қатысты. Спикерлер өз баяндамаларында Мун Чжэ Ин Үкіметінің Корей түбегінде бейбітшілік орнату стратегиясы, ядролық қарусыздандыру және корейаралық қатынастар жөніндегі жақында жүргізілген келіссөздер, Корей түбегін ядролық қарудан арылтудың объектісі ретінде Қазақстанның ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тарту тәжірибесі сияқты тақырыптарға тоқталды.

Ядролық қарусыздану жөніндегі соңғы келіссөздер мен Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас белгілі бір қиындықтарға тап болғанына қарамастан, Корея Республикасының Үкіметі Солтүстік Кореяға тұрақты қызығушылық таныту арқылы ядролық қарусыздануға және Корей түбегіндегі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге болатынына нық сеніммен қарайды, - деп атап өтті Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг Сок шара барысында.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев өзінің құттықтау сөзінде келесі жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлығының қабылданғанына 30 жыл толатынын хабарлады. Осылайша, Қазақстанның ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту жөніндегі өңірлік үлгісі Корей түбегінің денуклеаризация стратегиясына елеулі үлес қоса алады.

Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев өзінің құттықтау бейнежазбасында Корей түбегіндегі жағдай халықаралық қауіпсіздіктің маңызды мәселелерінің бірі болып табылатынын және Қазақстанның денуклеаризациядағы тәжірибесі Корей түбегіндегі бейбітшілікке қол жеткізу үшін пайдалы болуы мүмкін екенін айтты.

Айта кетейік, онлайн вебинарға шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, ғылыми және академиялық топтардың өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы