Бас жаңалықтар
Елорда – бейбіт күннің символына айналды - Анар Жайылғанова
23 Наурыз 2019, 20:43 717

Елорда – бейбіт күннің символына айналды - Анар Жайылғанова

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Анар Жайылғанова халық қалаулылары Астана қаласына Тұңғыш Президент есімінің берілуін бірауыздан қолдағанын айтады.

Ұлт көшбасшысының мемлекет құрудағы тегеуріні, даму бағытын анықтаудағы алысты болжауы, өрелі істерге кірісудегі көзсіз тәуекелінің арқасында еліміз бүгінгідей бейбіт күнге жетіп отырғанын айтады халық қалаулысы.

«Тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланған тұста Елбасы асқақ мұратты Ата Заңымызды құрды, көшіміздің бетке ұстар бағытын анықтады. Одан соң іргемізді бекітті, шекарамызды түзеп, төрт құбыламызды түгендеді. Жүзден астам ұлт пен ұлыс тірлік кешкен елдің өзара тату-тәтті, түсіністікпен өмір сүруіне, ұрпақ өсіріп, ұлттық салт-дәстүрін, діні мен ділін, ана тілін сақтауына жол ашты. Халықтың әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке шығарды. Аспан төсін тілгілеп, күн-түн қатып, әлемнің қабырғалы елдеріне сапар шекті. Барыстай бұлқынған, жас та қайратты, текті де тегеурінді Қазақстан деген ел бар екендігін, ол елдің бейбіт өмірді көздейтінін, адал еңбек, достастықты қалайтынын, ұлан-байтақ, қойнауы ырысқа толы жазира жері бар екенін, оң пиғылды, ықыласты мемлекеттермен тізе қоса қызмет қылуға елінің дайын екенін жеткізді. Осындай келісім, татулықты, бейбітшілікті баянды етуді алға шығарып, ең алғаш атом қаруынан бас тартуға батыл қадам жасаған Елбасы бастамалары әлем жұртшылығын елең еткізіп, өзіне қаратты. Ол бейбіт өмірге қол жеткізу, соғыссыз, қантөгіссіз ғұмыр кешу үшін ештеңеден тайынған жоқ. Экономикасы, саясаты, ұстанымы тұрақты Қазақстанды әлем алғаусыз мойындады. Әлемнің дәстүрлі діндерінің алтын бесігіне айналды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Олардан да басқа талай-талай мәртебелі жиындарға ұйтқы болды. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деп атқа мінген Елбасы алда жолыққан барлық қиындықтарға төтеп беріп, қысталаңда жол тауып, елін мақсатты биігіне бастай білді», - дейді Анар Жайылғанова.

Халық қалаулысының пікірінше, Астанаға «Нұр-Сұлтан» есімінің берілуі Елбасы еңбегіне берілген лайықты баға.

«Елбасы өз қолымен іргетасын құйып, қабырғасын қалаған ғимараттарының жобасын сызып, орнын белгілеген арайлы Астана қаншама қадірлі қонақ қабылдады. Бүгінде еңселі Елорда бейбіт күннің, жаймашуақ өмірдің, жарқын болашаққа ұмтылыстың, тез дамып, тез өркендеудің үкілі символындай. Бұл батыл қадамы да бүгінде халқын қуантқан, жұртын жадыратқан, мақтан тұтар айбарына айналған жоқ па?! Кім болмасын айшықты Астананы көре сала-ақ, қазақстандықтардың болашаққа қол созған бәтуәлі де берекелі ел екенін ұғынады. Мұның өзі Тұңғыш Президентіміздің еңбегінің жемісі емес пе. Елорданың «Нұр-Сұлтан» есімін иеленуі баршамызды қуантуы тиіс», - дейді Анар Жайылғанова. 


Фото: автордан

Сізден жаңалық