Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық Банк жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерге қолма-қол ақшасыз ақы төлеудің жаңа тетігін енгізді.
"Атамекен" сайтының хабарлауынша, арнайы сервис банктің, нотариустың және тіркеуші орган – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ арасында ақпарат алмасуды автоматтандыру мақсатында жасалған.
Жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізу қосымша опция болып табылады және ерікті негізде ұсынылады. Мәмілеге қолма-қол ақшасыз ақы төлеу үшін жеке тұлғалар банкте эскроу-шот аша алады немесе нотариустың депозитін пайдалана алады. Нотариус немесе банк (үшінші тарап) мәміле тараптары арасында төлемнің жасалуына кепіл болады. Ақша жылжымайтын мүлікті (тұрғын үйді) сатушыға тіркеу органынан мәміле аяқталғаны туралы растауды алғаннан кейін бірден қолжетімді болады, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов.Оның айтуынша, жаңа сервис мәмілені жасасу процесін тез және қолайлы етуге, елде көрсетілетін қызметті цифрландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл тәсіл ірі операциялар бойынша есеп айырысулардың қауіпсіздігін арттырады. Жылжымайтын мүлік нарығында қолма-қол төлем кезінде алаяқтық немесе ақшаның жоғалу тәуекелін азайтады.
Жылжымайтын мүлік сегментінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларды кеңейту мемлекеттің көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі міндеттеріне жауап береді. Бұл ретте, жаңа қызметтің көмегімен жасалған алғашқы келісім-шарт 27 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында жасалды.
Нотариустың депозитін пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысумен жылжымайтын мүлікті сатып алу-сатудың алғашқы мәмілесі сәтті өтті. "Альфа Банк" ЕБ АҚ пилоттық банк болды. Қазіргі уақытта басқа банктер де осы жобаға қосыла алады, - деп хабарлады реттеушінің баспасөз қызметі.