Елімізде отбасын қолдау орталықтары ашылады

20 Маусым 2019, 20:11
2061
Бөлісу:
Елімізде отбасын қолдау орталықтары ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда отбасын қолдау орталықтары ашылады. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.

Бұл туралы балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің кеңейтілген отырысында айтылды. Орталықтар, отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталмақ. Кеңес мүшелері отбасылық тәрбиеде рухани өнегені үлгі ету керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ Елбасының «Бақытты отбасы» туралы партиялық жобасын жүзеге асыру барысын талқылады.

Аталған жобаны іске асыру үшін арнайы жол картасы дайындалған. Онда отбасылар мен балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар шара қолға алынған. Білім беру мен жұмыспен қамту, құрамы толық емес жанұяларға үйде қызмет істеуге жағдай туғызу жайы қарастырылды. Мамандар бала құқығын қорғау мақсатында жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетілетіндігін айтты.

«Барлық облыс пен қалалардың әкімдіктері жол картасына қол қойды. Бұл құжатта өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға байланысты атаулы және жүйелік іс-шаралар қарастырылған. Тұтастай алғанда отбасылық тәрбие мен қарым-қатынастарға мән беріледі», - дейді «Nur Otan» партиясы орталық аппаратының хатшысы Тамара Дүйсенова.

«Жол картасында қосымша білім беру де қарастырылған. Мысалы аулалық клубтардың санын арттыруға, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жұмыс істеу үшін аутрич жүйесін енгізу көзделген. Жалпы осы шараларды жүзеге асыру біз үшін маңызды», - дейді балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

Өзгелердің жаңалығы