Елімізде «Елбасы жолы» экспедициясы басталды

25 Қазан 2021, 18:56
1319
Бөлісу:
Елімізде «Елбасы жолы» экспедициясы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда «Елбасы жолы» экспедициясы басталды.

Бұл туралы Елбасы академиясы корпоративтік қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара 25-31 қазан аралығында ұйымдастырылады. Жобаға қатысушылар алдымен Шамалған ауылы, Алматы, Түркістанда, кейін Теміртау мен Нұр-Сұлтанды аралайды.

Экспедицияның басты мақсаты – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жолын кеңінен насихаттау.

Бұл жобаға Тұңғыш Президенттің «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асып жатқан жобаларға белсенді қатысқан, әрі үздік нәтиже көрсеткен 10 жас іріктеліп алынған. Олар іс-шара аясында өңірлердегі «Ел Үміті» бастамасының 45 жоба қатысушысымен кездеседі.

Экспедиция Елбасының кіндік қаны тамған Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылынан басталған.

Қатысушылар бала күнінде ұшқыш болуды армандаған Елбасының беделді саясаткерге қалай айналғанын біліп, балалық шағының куәсі болған мекенді аралайды. Жастар Үшқоңыр тауының етегіндегі Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына да барады, - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар жоба қатысушылары Қаскелең қаласындағы Елбасы оқыған Абай атындағы орта мектеп-гимназиясына барып, «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан Birge Oqý онлайн мектебінің оқушыларымен кездеседі. Аталған білім ордасында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының финалистері мен жеңімпаздары оқып жатыр.

Кейін олар Алматы қаласына барып, республикалық физика-математика мектебінің жұмысымен танысады. Мұнда «Мың бала» олимпиадасының 35 жеңімпазы білім алып жатыр. Сондай-ақ жастар Нұрсұлтан Назарбаев қорында «Ел мақтанышы» сыйлығының иегерлерімен де кездеседі, - делінген хабарламада.

Игі іс-шараны «Елбасы Академиясы» корпоративті қоры ұйымдастырған.

Өзгелердің жаңалығы