Елімізде ауыл шаруашалығы саласын сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды

10 Маусым 2020, 11:35
2570
Бөлісу:
Елімізде ауыл шаруашалығы саласын сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің агроөнеркәсіп саласында жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл туралы сақтандыру операторы болып келетін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры хабарлады.

2004 жылдан бері өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келген болатын. Ал, жаңа жүйе одан ерекше болмақ. Атап айтсақ, бірінші кезекте, агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру енді ерікті түрде болады. Екіншіден, салаларға шектеу жоқ. Яғни, аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады. Үшіншіден, сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ынталандыруға және сақтандыру шартын жеңілдетуге бағытталған шара. Сақтандыру сыйақы сомасының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Ол үшін биыл республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.

Жаңа жүйені әзірлеу кезінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың проблемалық мәселелері ескерілді. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жүйеде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істей алады, – дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Шығыс Қазақстан филиалының директоры Арман Рауылбеков.

Жаңа жүйеде әлемдік сақтандыру нарығында "А" рейтингі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін болды. Олар отандық компаниялар сақтандыратын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шарт жасасудан бастап төлеммен аяқталатын барлық процедуралар электронды цифрлық қолтаңба арқылы Qoldau.kz электронды платформасында жүргізіледі. Процестерді автоматтандыру адами факторды азайтады және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры топырақтағы ылғалдың индексіне негізделген сақтандыру өнімдерін бекітті. Сақтандыруға жататын дәнді дақылдар бидай, арпа, сұлы, жүгері. Сондай-ақ, күнбағыс, рапс, зығыр сияқты майлы дақылдар бар. Мониторингті жүзеге асыру үшін ақпарат Жерді қашықтан зондтау көздерінен алынады, – дейді Арман Рауылбеков.

Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және сақтандыру жағдайыныңдеректері автоматты түрде тіркеледі.

Сақтандыру жағдайытуындағаны туралы Qoldau.kz жүйесіндегі жеке кабинетіне немесе жеке электронды поштасына келген хабарламаны алғаннан кейін шаруа төлем жасайтын сақтандырушыға өтініш береді.

Бұрынғы жүйедегі алынған деректер бойынша сақтандыру жағдайларының 60 пайыздан астамы ылғалдың жетіспеуінен, яғни құрғақшылыққа қатысты болды. Осыған байланысты өнімді құрғақшылықтан сақтандыру ерекше маңызға ие. Сондай-ақ, егіс науқанының аяқталу мерзімі де ескеріледі.

Ылғалдың жетіспеу қаупінен сақтандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл 15 маусымға дейін сақтандыру шартын жасасуы қажет. Сақтандыру кезеңі үш айды қамтиды. Яғни,15-мамырдан 15-тамызға дейінгі аралық есепке алынады.

Ылғалдың шамадан тыс болуына қатысты сақтандыру келісімшартын 15-тамызға дейін бекіту қажет. Сақтандыру 2020-жылдың 15-тамызынан 15-қыркүйегіне дейінгі аралықта жүргізіледі.

Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру өнімдерінің нарықтағы қажеттілігі ескеріліп, тізімі кеңейтілетін болады. Барлық сұрақтар бойынша "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Шығыс Қазақстан филиалына хабарласуға болады.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы