Қазір елімізде 680 мыңнан астам мүгедек бар – Әйтімова

15 Сәуір 2019, 15:38
2346
Бөлісу:
Қазір елімізде 680 мыңнан астам мүгедек бар – Әйтімова

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 680 мыңнан астам мүгедек тіркелген. Соңғы 5 жылда мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артқан. Бұл туралы бүгін Сенаттың «Мүмкіндігі шектеулі балаларды құқықтық және әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында Парламент Сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова айтты.

«Жылдан жылға Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалардың саны өршіп барады. Соңғы 5 жылда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 7,5% артқан. 680 мыңнан астам мүгедек бар. Оның ішінде 87 мыңға жуығы – балалар. Мүмкіндігі шектеулі балалардың көбеюі – денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік қорғау салаларына осы мәселеге ерекше көңіл бөлуін талап етіп отыр. Конституцияда бекітілгендей мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Балалардың құқықтары туралы конвенцияда мүмкіндігі шектеулі балалардың ерекше күтімін, білім алуын, әлеуметтік ортада, қоғамда толық өмір сүруін көздейді», - деді комитет төрайымы.

Оның айтуынша, қазір заңнамалық тұрғыдан мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғауда нормативтік-құқықтық актілер толық. 

«Олардың қалыпты дамыған адамдармен әлеуметтік жағынан да, саяси, азаматтық,экономикалық, мәдени жағынан да тең құқылы екені көрсетілген. ҚР Балалардың құқығы туралы заңға сәйкес дені сау балалармен олардың құқығы тең екені бекітілген. Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы заңдарда кемтар балаларды әлеуметтік, медициналық, психологиялық түзеу арқылы қолдауды кепіл түрде тегін алуға құқығы бекітілген. ҚР заңнамасында қабылданған нормативтік-құқықтық актілер жеткілікті дәрежеде, толыққанды деп есептеймін. Мәселе сол заңдар мен заңға тәуелді актілердің орындалуында. Алдарыңызда заңнамалар бар. Ал оның механизмі, бір-біріне қатысы бар мемлекеттік үкімет арасында және қоғаммен араласу жағынан қарағанда ол әлі кем», - деді Бірғаным Әйтімова.

Өзгелердің жаңалығы