Бас жаңалықтар
Елімізде бір жылда 300 адам жұмыс орнында қаза табады
06 Наурыз 2019, 12:35 297

Елімізде бір жылда 300 адам жұмыс орнында қаза табады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмади Сарбасов Қазақстанда зиянды еңбек жағдайында болатын жазатайым оқиғалар туралы айтты. 

Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жұмысшылардың шамамен 23% зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Жыл сайын ұйымдарда 2 мыңнан астам жазатайым оқиғаларға жол беріледі. Оның 300 жуығы өліммен аяқталады. 

«Еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақатты төмендету мақсатындағы Үкіметтің жұмыс жоспарына сәйкес министрлік әлеуметтік серіктестерімізбен бірлесе отырып, әкімдіктермен келісіп, биыл «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанынын өткіземіз. Ақпараттық науқан кәсіпорындардың, компаниялардың, мемлекеттік құрылымдардың, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің назарын жұмыс орындарында сау әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға аудару мақсатында өткізіледі», - деді Сарбасов.

Осы саладағы мемлекеттік бақылау статистикасына көз жүгіртсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік инспекторлар 8 мыңнан астам тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 11 мың бұзушылық анықталған. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында негізгі бұзушылықтар қауіпсіз еңбек жағдайын жасамау, жұмыс берушілердің жұмыскерлердің білімін тексеру мен оқыту жұмыстарын жүргізбеуінен болады. Бұл салада 2 мыңнан астам бұзушылық анықталған.

Назерке Абибулла

Сізден жаңалық