Бас жаңалықтар
Еліміздің мергендері Әлем чемпионатынан 17 медаль еншіледі
03 Қыркүйек 2019, 09:42 355

Еліміздің мергендері Әлем чемпионатынан 17 медаль еншіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің сұрмергендері Оңтүстік Кореяда өткен XV Әлем чемпионатынан қанжығаларын медальға толтырып оралды. Қазақ ұлттық құрама командасының спортшылары  Әлем чемпионатында жиыны 3 алтын, 2 күміс, 12 қола медаль  ұтты. 

Оңтүстік Кореяның Сокхчо қаласында ат үстінен садақ атудан өткен XV Әлем чемпионаты аяқталды. 27 мемлекеттің таңдаулы мергендері «Корей стилі», «Түрік стилі», «Массае  стилі», «Могу стилі» және биылғы Әлем чемпионаты бағдарламасына тұңғыш енгізілген «Қазақ стилі» сияқты бес түрлі жарыстан бес күн бойы бақ сынады.

Еске салып өтсек, XV Әлем чемпионатына аттанған Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Айтбек Сарыбай есімді спортшылар мен жаттықтырушылар Елдос Бадашев пен Арслан Қабжанов бар болатын. Бұған дейін  Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажанның «Массае  стилі» бойынша өткен командалық жарыста қола жүлдені иеленгенін хабарлаған болатынбыз. 

Қазақ мергендері Әлем чемпионатының соңғы күні медаль санын  он жетіге жеткізді. Командалық жарыстарға республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған айтулы мерген, Жамбы атудан еліміздің бас төрешісі Елдос Бадашев та қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Ат үстінен садақ атудан XV Әлем чемпионатында  спортшыларымыз төмендегідей жарыс түрлеріне қатысып, жүлделі орындарды иеленіпті.

«Түрік стилі» бойынша «Қабақ» атудан командалық жарыстың жеңімпаздары:

Елдос Бадашев, Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз;

«Түрік стилі» бойынша жеке нысана атудан екі дүркін күміс жүлдегері:

Ералхан Айкөз;

«Корей стилі» бойынша  бір нысана атудан  командалық жарыстың қола жүлдегерлері:

Елдос Бадашев, Бабажан Бақдәулет, Айтбек Сарыбай;

«Корей стилі» бойынша  екі нысана атудан  командалық жарыстың қола жүлдегерлері:

Елдос Бадашев, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз;

«Массае  стилі» бойынша командалық жарыстың қола жүлдегерлері:

 Бабажан Бақдәулет, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз;

«Массае  стилі» бойынша «Мастершип» жарысының қола жүлдегерлері:

Бабажан Бақдәулет, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз.

Ат үстінен садақ атудан XV Әлем чемпионатында олжа салған Қазақстан Ұлттық құрама командасының спортшылары 3 қыркүйек күні Алматыға оралады. 


Фото: дереккөз
Загрузка...