Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Генерация секторының ағымдағы жағдайы және электр энергиясын өндіру тарифінің өзгеру мәселелері» тақырыбындағы онлайн брифингте Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов айтты.
Оның айтуынша, генерация және электр энергиясын өндіру күрделі сала. Мұнда қарапайым техникалық кадрлардың да кәсіби маман болуы талап етіледі.
Өкінішке қарай, қазір бұл сала мамандарының мұнай, газ және өзге де ұқсас салаларға кетіп жатқаны байқалады. Оның басты себебі - жалақының төмендігі. Маман кадрларының жетіспеуі электр станцияларының жұмысына да әсерін тигізеді. Салдарынан жобалар уақытылы тапсырылмайды, жөндеу жұмыстарының сапасы зардап шегеді. 2016 жылы бұл салада 26 мыңнан астам маман жұмыс істесе, өткен жылғы көрсеткіш бойынша олардың саны 23 мыңнан аспайды. Электр энергиясы қуаты 15-ға артқанына қарамастан мамандардың азаюы алаңдатарлық жағдай, - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы елдегі төтенше жағдай мен карантинге, кадр жетіспеушілігіне қарамастан сала мамандары электр энергиясының жеткілікті мөлшерде өндірілуіне үлес қосып, тапшылық жағдайының туындамауы үшін еңбек етті.
Олардың қашықтан жұмыс істеуі мүмкін емес екенін білесіздер. Денсаулықтарына қауіп төну осы жағдаймен тағы біршама жоғарылады. Алдағы уақытта негізгі басымдық бұл саланы кәсіби мамандармен қамтамасыз етуге және оларға лайықты жағдай жасауға аударылатын болады. Ол үшін тиісті бағдарламалар қабылданып, біртіндеп еңбекақыны көтеру қарастырылу керек, - деді ол.Бұған дейін хабарлағанымыздай елдегі энергетикалық активтер қатты тозып кеткен.