Бас жаңалықтар
Елбасыға өлең арнаған Шөмішбай Сариев дүниеден озды
15 Ақпан 2021, 15:49 2137

Елбасыға өлең арнаған Шөмішбай Сариев дүниеден озды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыр елінен шыққан танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында дүниеге келген. 

Қамбаш орта мектебін бітірісімен Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған. 

1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 

1970–1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған. 

1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған. Қазіргі уақытқа дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды.

«Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 

1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған. 

Фр.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (2003). 

«Тарлан» сыйлығының иегері (2004). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шығармалары: Арайлы көктем. А., 1975; Теңізден соққан жел. А., 1975; Тағдыр. А., 1976; Заула тұлпар. А., 1979; Уақыт. А., 1979; Өң мен түс. А., 1980; Үш өлшем. А., 1982; Тағдыр жыры. А., 1984; Біздің ғасыр. А., 1989; Тамаша, Тамаша, Тамаша. А., 1989; Сағынышым-теңіз. А., 1994; Таңдамалы өлеңдер жинағы. І том. А., «Жазушы», 1992.

Еске салсақ, былтыр Шөмішбай Сариев Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап өлең арнаған болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...