Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Уақыт, жасың келгенде ауылға, туған жеріңе келгенде көзіңе жас толады, жастық шағың есіңе түседі. Бұл туралы Елбасы Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев туған жердің қашанда ыстық болатынын және көп жылдар бойы еңбек жолымен шетте жүргенін айтып өтті.“1958 жылы осы Шамалған ауылынан шетке кетіп, 20 жылдан кейін Алматыға қайтып келдім. Содан бері 40 жыл Қазақстанның басшылығында қызмет істедім. Балалық шағым осы Алатаудың баурайында өтті. Ағайын-туған, жегжат-жұрағат барлығы осы Шамалғанда тұрады. Уақыт, жасың келгенде ауылға, туған жеріңе келгенде көзіңе жас толады, жастық шағың есіңе түседі. Мемлекетімізді аяғынан нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау уақыттардан өттім. Сонда ең шаршаған кездерде осы Шамалғанның көшелерін есіме түсіретінмін. Таулардың сай-сайларын, бұрын жүріп өткен жерлеріңді еске түсірген кезде бәрі орнына түседі”,- деді ол.
Сонымен қатар ол, адам кіндік кескен жерін сүю арқылы Отанын сүйіп, патриот атанатынын жеткізді.
“Адамның кіндік кескен жері ол бірінші отаны. Сол бірінші отаны арқылы үлкен Отанды сүйіп, патриот болады. Мен де сол сияқты сендердің араларыңыздан осы ұядан ұшып шығып, бірталай елді араладым. 170 мемлекетте болдым, 200 аса елдің президенттерімен кездестім. Соның барлығы елдің қамы”,- деді Елбасы.
Елбасымен кездесуге Шамалған ауылының 3 мыңнан аса тұрғыны жиналды.