Елбасы - Білге қағанның бүгінгі мұрагері

20 Наурыз 2019, 12:36
3293
Бөлісу:
Елбасы - Білге қағанның бүгінгі мұрагері
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, әрі хатшылық меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешіміне қатысты пікір білдірді.

"Айтуға оңай, әрине. Бірақ, Кеңес дәуірінен тәуелсіздікке қадам басқан мемлекеттердің ішінде Қазақстанның озық тұруы, әлемде өзіндік орнын тауып, берекелі бірлікпен саясаттағы көптеген жетістіктердің басқаларға үлгі болуы – елдің мәртебесін арттырып, мақтанышына айналды. Мұның бәрі Тұңғыш Президентіміз, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, елім-жерім деген Елперзенттік жүрегімен, күн-түн демей жұмыс істеген Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі. Нұрсұлтан Әбішұлы әу бастан экономикалық реформаларды саясаттан бұрын қойды. Соның нәтижесінде, қазір біз экономикасы қарқынды дамушы, халқының әл-ауқаты жақсарған мемлекеттердің қатарына қосылдық", - дейді ол.

Сонымен қатар, ол Нұрсұлтан Назарбаевты Білге қағанмен тең тұлға дегенді айтты.

"Баһадүр бабамыз Білге қағанның бітіктасында:
«Түрік халқы үшін
Түнде ұйқысыз жорыттым, 
Күндіз күлкісіз жорыттым.
Кедей халықты бай қылдым,
аз халықты көп қылдым, 
Елдікті қағандыққа жеткіздім», − деген жазу бар. Осыдан 1300 жыл бұрынғы мәтін бұл. Білге қаған  Көк түріктің ортасына түскен шаңырағын қайта көтерген қайраткер. Ал, сол Білгенің бүгінгі мұрагері біз үшін «түнде ұйқысыз жортқан, күндіз күлкісіз жортқан, кедей халықты бай қылған, аз халықты көп қылған, соңынан ерген елін егемендікке жеткізген» тұлға − Нұрсұлтан Назарбаев. Күні кеше Елбасы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Әрине, баршамызда қимастық бар. Дегенмен, ел, халқы Елбасын Білге қағандай сыйлап, бағалайды. Бұл баға тарихтың берер бағасы болатындығына еш күмән келтірмеймін. Сонымен қатар, еліміз ендігі даму жолы осы күнге дейін жемісін көрсеткен бағыттан айнымай, елдің жағдайын жақсартуға бағытталады деп білемін", - дейді Мұратәлі Қалмұратов.

Өзгелердің жаңалығы