Ел басына келгеніме дәл осы айда 30 жыл болады – Назарбаев

6 Маусым 2019, 12:04
3286
Бөлісу:
Ел басына келгеніме дәл осы айда 30 жыл болады – Назарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Сенаттың жалпы отырысының алдында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев палатаның мүшелеріне «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру шешімін қолдағаны үшін алғысын білдірді.

«Қадірлі депутаттар, сенаторлар, бүгін Сенатқа арнайы келіп, өздеріңізбен жүздескеніме өте зор қуаныштымын. Осы аласапыран 30 жылдың ішінде көпшілігіңізбен бір келе жатырмыз. Қуанышты да, қиыншылықты да бірге өткізіп, елмен, жұртпен бірге қызмет істеп, еңбегіңізді сіңіріп келе жатырсыздар. Мен әдейі осындай екі палаталы Парламент құрып, заңды сүзбеден өткізіп, өңірлердің ойын ескеру үшін жасадым. Бүгінгі істеліп отырған шара – маған «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру шешімін қабылдағандарыңыз үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін. Бұл – біздің егемен еліміздің осы жылдардың ішінде мен жасаған еңбегімнің бір ұшының мәртебесі, соған деген құрмет деп білемін», - деді Елбасы.

Ол Қазақстанның бүгінгі дәрежесі оңайлықпен келмегенін атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдары көп жағдай болды. Көп жұмыс істедік. Парламент көп заң қабылдады. Шиеленіске заңдар да болды оның ішінде, келіспеген заңдар да болды. Дегенменен, Сенат байсалдылықпен қарап, оның барлығын орнына келтірді. Оны өздеріңіз де білесіздер. Сондықтан еліміз тыныш болды. Ешқандай жағдайларға жол бергеніміз жоқ. Мінекей, мен ел басына келгелі дәл осы айдың ішінде 30 жыл болады екен. Соның ішінде тізімге қарап отырсам, көпшілігіңізбен бірге келе жатырмыз. Бірге жұмыс істеп, бірге жүріп, бірге күліп-ойнап дегендей. Талай нәрсені басымыздан өткіздік. Еліміз тұрақтанды. Дүниежүзіне белгілі Қазақстан болды. Аяғынан тік тұрды. Экономикасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты біршама емес, өте көп деңгейге көтерілді. Халық оны көріп отыр. Қазақстанға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылданып, іске асырып жатыр. Оның барлығына сіздер атсалысасыздар. Жоспарланған реформалар табысты іске асырылу да сіздерге, шешімдеріңізге байланысты... Дүниеде болып жатқан жағдайды біліп отырсыздар. Құдайға шүкір, ыстық соғыс болмаса да, экономика, технология жағынан ешкімді, бірін-бірі жібермеу үшін сұрапыл күрес жүріп жатыр. Осының ішінде біз алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздігімізді сақтап қалып, өзіміздің саясатымызды жүргізіп, солармен дос болып, жұмыс істеу оңайға түсе қойған жоқ. Бәрің білесіздер. Оны қазір айтуға оңай. Дәл осылай бола қойған сияқты деп ойлайды кейбіреулер. Бірақ сандаған келіссөздер, сандаған кездесулер. Біз Қазақстанның алып елдерге немізбен дәрежемізді көтереміз? Тек парасатпен, ақылмен, дұрыс сөзбен, дұрыс қарым-қатынаспенен, көршілік қарым-қатынаспен ғана олардың көңілін аулаймыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Сенаттың елдегі маңызды заңдарды қабылдаудағы орнының ерекше екенін айтты.

«Енді міне алтыншы шақырылымдағы IV сессия аяқталып келе жатыр. Қазір маған көп сөйлей берудің жағдайы жоқ. Бұл сессияның өзінде көп маңызды заң қабылдадыңыздар. Тиісті жобаларды жан-жақты қарап, сапалы заң шығару – сіздерге сеніп тапсырылған миссия. Парламент Сенатының ерекшелігі – сіздер әр өңірден сайландыңыздар. Әр өңірдің жағдайын осы жерге алып келдіңіздер. Мәжілістің жағдайы ол басқа. Сондықтан дәрежесі өте көп. Біздің басқару жүйесіне қарай барлығы да өздерінің сенаттарының, парламентін осылай түзеп келе жатыр. Сондықтан тағы бір рақмет айта отырып, енді осындай «Құрметті Сенатор» мәртебесін алу үлкен құрмет. Сіздердің көпшіліктеріңізбен жұмыс істеуімді жалғастырамын. Менің биыл қабылдаған шешімім – болашақ үшін және мен жүргізген соңғы 30 жылдағы саясаттың сабақтастығы үшін», - деді ол.

Бүгін Сенат төрағасы Дариға Назарбаева ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» төсбелгісі  мен куәлігін табыстады.

Өзгелердің жаңалығы