Эксимбанкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енді

17 Қаңтар 2019, 10:55
2426
Бөлісу:
Эксимбанкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енді

Астана, BAQ.KZ. «Эксимбанк Қазақстан» АҚ мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінен хабарлады.

«2019 жылғы 16 қаңтарда Алматы қалалық соты Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы 2018 жылғы 28 қарашадағы шешіміне «Қазақтелеком» АҚ-тың шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша, МАЭС-тың «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы 2018 жылғы 28 қарашадағы шешімі 2019 жылғы 16 қаңтарда заңды күшіне енді», - делінген бас банктің хабарламасында.

Айта кетейік, жеке тұлғалар және жеке кәсіпкерлер «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-та салымдарға, ағымдағы шоттарға және төлем карточкаларына орналастырылған ақшаны өтеуге құқылы. Өтемақы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың (ҚДКҚ) ақша қаражатынан жинақталған сыйақыны ескере отырып, бірақ депозиттер бойынша кепілдіктің ең көп сомасынан аспайтындай салымның, банк шотындағы немесе төлем карточкасындағы ақша қалдығының сомасы шегінде төленетін болады.

Жалпы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді. Өтемақы сомасын есептеу үшін 2019 жылғы 16 қаңтардағы нарықтық айырбастау бағамы қолданылады.

«Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес ҚДКҚ атынан депозиттер бойынша кепілді өтемақы «Қазпочта» АҚ арқылы төленетін болады.

ҚДКҚ арнайы резервтің қаражаты есебінен «Қазпочта» АҚ-ты банктің әрбір 361 салымшысына төлем жасау үшін «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-тың салымшыларына 248,9 миллион теңге мөлшерінде ақшалай қаражатпен қамтамасыз етеді.

«Эксимбанк Қазақстан» АҚ-тың салымшыларынан өтініштер қабылдау және өтемақы төлеу алты ай ішінде – 2019 жылғы 4 ақпаннан бастап 4 тамыз аралығында жүргізіледі. 4 ақпанға дейін «Қазпочта» АҚ-тың филиалдары мен бөлімшелерінің таратылатын «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-тың салымшыларынан өтініштер қабылдауға, оларды қарауға және өтемақы төлеуге құқығы жоқ», - делінген хабарламада.

Атап өтетін болсақ, 2019 жылғы 4 тамызға дейін «Қазпочта» АҚ-қа жүгінбеген салымшылар агенттік келісімнің қолданылуы аяқталғаннан кейін ҚДКҚ-қа тікелей тиісті өтініш бере отырып, өтемақы алуға құқылы.

Өтемақы алу тәртібі туралы, сондай-ақ өтініштер қабылданатын «Қазпочта» АҚ-тың филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары туралы ақпарат «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-тың салымшылары үшін қосымша жарияланатын болады.

Салымшылар консультация алу үшін @kdif_ask телеграм-чатқа, ҚДКҚ-тың call-орталығына тегін 1460 қысқа нөмірі арқылы жүгінуіне немесе ҚДКҚ www.kdif.kz веб-сайтына сұрату қалдыруына болады.

Өзгелердің жаңалығы