Еңбекке жарамды халықтың 92%-ы келесі жылы зейнетақы қорындағы салымын ала алмайды

11 Қыркүйек 2020, 09:05
6508
Бөлісу:
Еңбекке жарамды халықтың 92%-ы келесі жылы зейнетақы қорындағы салымын ала алмайды
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың басынан бастап, Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағының бір бөлігін шеше алады. Жақында нақты шекті сомалары белгіленді. Осы орайда GSB UIB биз­несті талдау орталығының сарапшысы, эко­но­мист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа Жолдауы кезінде зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға болатынын айтты. Алайда қаражат адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, келесі жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады. 

Шектік сомалары өзгерді 

Жыл басында еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қаңтар айында Президентке екі ұсыныс бергенін айтқан еді. 

Біріншісі, ер азаматтардың жинағы жеткілікті шектен асатын болса, яғни, 30 жастағы азаматтың жинағы 6,7 млн теңгеден, 50 жастағы азаматтың жинағы 7,2 млн теңгеден, зейнет жасына жеткен азаматтың жинағы 8,2 млн теңгеден асқан жағдайда, ол осы сомадан жоғары қаржының бөлігін ала алады. Осылайша, ақшаны есепшоттан алу адамның жасына байланысты болуы керек. Себебі, ер адам 30 жаста болса, оның 63-ке дейін ақша жинайтын тағы 33 жыл мүмкіндігі бар. Қазақстанда мұндай жинақ тек 113 мың адамда бар. Ал бұл ретте әйелдердің шекті жасы жоғары. Мұның себебі – әйелдердің ерлерге қарағанда өмір сүру ұзақтығы 5 жылдан 22 жылға дейін артық болуында. Зейнет жасына дейін ақша жинап, әрі қарай тағы 22 жыл өмір сүру үшін үлкен сома керек. Сол себепті, 30 жастағы ер адамға 6,7 млн теңге десек, әйелдер үшін шекті сома – 9,6 млн теңге. Дәл осындай мүмкіндігі бар зейнет жасына жеткен жандардың саны – 119 мың 500, - деген болатын министр. 
Қыркүйек айындағы Президенттің Жолдауынан кейін министр шектік соманы азайтты. 
Алдын ала есептеулер бойынша, мысалы, 30 жастағы азаматтар үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн 586 мың теңге. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы ел бойынша орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді, - дейді Біржан Нұрымбетов.   

  Алғашқы қадам жасалды, енді екінші қадам бар 

  9 айдың ішінде министрліктің мұндай қадамға барғанын экономист Мақсат Халық былай түсіндірді. 

Халықпен санасты деп айтуға негіз бар. Өйткені жауап беретін тиісті министрліктің жыл басында берген шектері ақылға сыймайтын сандар болады. Оны жинау мүмкін емес еді. Ол үшін орта тап өкілі болуыңыз керек. Бізде орта тап деген 2 миллион теңгенің көлемінде табысы бар азаматтар. Нақтырақ айтқанда миллион мен 2 миллионның арасында табыс табатындар. Сол кезде сіз өзіңіздің белгілі дәрежеде зейнеатқы қорындағы қаржыңызды шешіп алатын едіңіз. Ол тұста мұндай адамдардың саны 113 мың деп айтты. Яғни елімізде орта таптың үлесі 1 пайыз көлемінде 5ана. Шын мәнінде орта таптың өкілдері 100 мыңға да жетпейді. Бұл да үлкен проблемалардың бірі болып отыр, - дейді Мақсат Халық. 
Оның айтуынша, егер елімізде орта тап өкілдері көп болғанда, экономикамыздың да сыртқы факторларға төтеп беруі, халықтың әлеуметтік жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді. 
Өкінішке қарай, ондай орта тап әлі қалыптасқан жоқ. Ал мемлекетіміздің осы кезде аздап болса да халыққа қарай бет бұра бастағаны байқалады. Әлде де бұл шекті соманы түсіруге болар еді... Дегенмен, тәуекелдері дұрыс есептеліп отырған болар. Бұған әсер еткен тікелей Президенттің өзі. Себебі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаңтар айындағы шектік сомадан келіспейтінін айтқан еді. Министр мен орынбасарының сұхбаттарын қарасаңыздар, түсінесіздер, - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, зейнетақы қорынан ақша шешіп алуға шамасы жететіндердің саны 721 мың болады екен. Ол - еңбекке жарамды халықтың 7-8 пайызы. 

Өйткені бізде 10 млн-ға жуық халық бар. Қалған еңбекке жарамды халықтың 92 пайызы келесі жылы зейнетақы қорындағы қаржысын ала алмайды. Шынын айту керек, 5 млн 300 мыңға жуық салымшының зейнетақы қорындағы қаражаты 1 млн теңгеге де жетпейді. Демек, түсінікті. Алдағы 2-3 жылдықта 721 мың деген көрсеткіш 1-2 миллионға жетіп қалуы мүмкін. Бірақ жаппай алатын дәрежеге әзір жетпейміз. Дегенмен, бұл да аз болса тенденцияның қалыптасуына әсер етеді. Халық үшін бір мотивация, қаржылық сауаттылықтары да артады, - дейді экономист. 

Оның айтуынша, қазіргі кездегі шектік сомаларға қарасаңыз, үш есеге түскені байқалады. Қаңтар айында 30 толмаған азамат 6,7 миллион теңге жинау керек десе, қазір мұны 2,5 миллион теңгеге түсіріп отыр. 

Аз да болса халыққа қарай бір қадам жасалды. Енді халық та осы процесске байланысты бір қадам жасауы керек. Халықтың арасында да көптеген адам жұмыс берушімен келіскен кезде зейнетақы шотына аударымдар жасамауға келіседі. Яғни ол ақшаны өзіме беріңіздер дейтіндер жетерлік. Әсіресе, жеке секторда жағдай солай. Фрилансерлер де ешқашан зейнетақы қорына ақша аударуды қаламайды. Өйткені, зейнетақы қорына сенім жоқ. Сондықтан ол кісілерді түсінемін. Әзірбайжанға барып бір күйді, «Бозгул аурум» компаниясы ол, талан-таражға ұшыратты. Қазірдің өзінде зейнетақы активтері табыстылығы төмен құнды қағаздарға салынып жатыр. Сол себепті инфляция жеп қояды. Қартайғанда түкке мардымсыз ақша болып қалады. Азаматтардың көбінің зейнетақы қорына ақша аударуға ниетті болмайтыны осыдан, - дейді Мақсат Халық. 

 Оның айтуынша, зейнетақы қорынан ертерек ақшаны шешіп алу бұл тенденцияны жояды. 

Неге менің зейнеатқы қорымдағы қаржым аз? Неге толтырмаймын?» деген сауалдар туындай бастайды. Тиісті ақшаны жинау үшін қанша айлық болу керектігін ойланады. Басшыларының алдына талап қояды. Бірінші қадам жасалды, енді халықтың табысын арттыру керек .Халықтың табысы артпай, осы шектерге жете қоюы екіталай. Бұл - қиын мәселе. Елдің табысы өсетін болса, жинақтары, аударымдары да көбейеді. Сол кезде шектеулерді қуып жету оңай болады. Тағы бір айта кететін жайт, Үкімет осы шектерді кемі 4-5 жыл өзгертпеуі керек. Халық қызығушылықпен ақшаларын жинауға ұмтылуы тиіс. Содан кейін ғана ақырындап шектерді көтеруге болады. Өйткені, инфляция әсер ететіні түсінікті, - дейді экономист.

Зейнетақыны мерзімінен бұрын шешіп алғандар 10% салық төлейді

Зейнетақыны шешіп алу "жыры" мұнымен бітпейді. Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, зейнетақыны мерзімінен бұрын шешіп алғандар 10% салық төлейді. 

Комитет қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинағынан беретін төлемдерге жеке табыс салығы салынатынын (Салық кодексінің 326-бабы) мәлімдеді. 

Бұл ретте, жеке тұлғалар ең төменгі 1 жалақы мөлшеріндегі (42 500 теңге) салықтық шегерімді қолдану арқылы салық салынатын соманы азайтуға құқылы. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары (ҰОС-на қатысушыларға теңестірілгендер, барлық топтағы мүгедектер, мүгедектердің ата-аналары мен қамқоршылары, жетім балаларды асырауына алған ата-аналар) тағы қосымша 882 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2778 теңге) мөлшерінде шегерім қолдануға құқылы. Бұл - 2,3 млн теңгені құрайды (Салық кодексінің 345, 346, 353-баптары). Тиісінше, көрсетілген шегерімдерді ескере отырып, тұрғын үй сатып алуға, емделуге және басқа да рұқсат етілген мақсаттарға зейнетақы ақшасынан ішінара алынатын сомаларға 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады, - дейді комитеттің баспасөз қызметі.   

Мақсат Халықтың пікірі бойынша, мұны әлі жетілдіру керек. Өйткені өте көп нюанс бар.   

Негізі мемлекетімізде заң жүзінде 10 пайыз көлеміндегі табыс салығы бар. Зейнетақы қорындағы қаржы негізі мұрагерлікке қалып жатады ғой. Ата-анасы қайтқан кезде балалары ақшаны шешкенде 10 пайыз ұстайды. Бұл да сол ғой. Зейнетақы қорынан ақша шығарамыз десеңіз, 10 пайыз жеке табыс салығын сұрайды. Бұл тақырыпты әлі де көтеріп көруге болады. Тартысты тақырып. Өйткені зейнетақы қорынан ақша шешіп алған адам оны «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне» салады. Нарықта ол ақшаны бәрібір жұмсайды. Құрылыс компаниялары табыс тапқаннан кейін бәрібір де салық төлеп жатыр. Сол себепті бұл тақырыпты әлі де жетілдіре түсу керек, - дейді GSB UIB биз­несті талдау орталығының сарапшысы.   
Сонымен қатар, біздің зейнетақы қорындағы жинағымыздың үстіне инвестициялық табыс түсіп тұрады. Егер толық жинаққа емес, шешкен кезде тек инвестициялық табысқа салық саламыз десе түсінікті болар еді. Елімізде прогресивті табыс салығының жеке шкаласы енгізілмеген. Жалақының бәріне бірдей 10 пайыздан ұстап жатыр. Ең дұрысы - табыс көлеміне қарай болғаны жөн. Азаматтардың қолына алатын жалақысы артар еді. Одан кейін мемлекеттің алдында тұрған тағы бір міндет - халықтың табысын арттыру.   

  Зейнетақы қорынан шешкен ақшаны қайда жұмсауға болады:   

·         баспана (жаңа және қолданыстағы үйлерден) немесе жер учаскесін сатып алу;
·         ипотеканы қайта қаржыландыру немесе өтеу (кез келген екінші деңгейлі банкте, кез келген бағдарлама бойынша);
·         жеке тұрғын үй салу, кеңейту немесе жөндеу;
·         ем ақысын төлеу;
·         зейнетақы жинағын қаржы компанияларына басқаруға беру. 


Зейнетақы шотындағы ақша қолға берілмейді, бірыңғай оператор арқылы мақсатты түрде пайдаланылады.

Өзгелердің жаңалығы