Ең алдымен қарапайым адамдардың ұстанымы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуым керек – Тоқаев

20 Желтоқсан 2019, 12:31
5203
Бөлісу:
Ең алдымен қарапайым адамдардың ұстанымы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуым керек – Тоқаев
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында ең алдымен халықтың мұң-мұқтажына құлақ түру керек екенін айтты. 

Биліктің диалог орнатуға және реформа жасауға мүдделі екеніне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Сіздердің көпшілігіңізбен жеке-дара кездестім. Ұсыныстарыңызды, бастамаларыңызды мұқият қарастырып, бірқатар мәселе жөнінде пікір алмастық. Ұлттық кеңес мүшелері жұмыс барысында қызу пікірталасқа түсіп, маңызды жағдайларды талқылады. Соның барысында бірқатар түйткілді мәселе бойынша ортақ ұстанымға келдік. Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын. Біздің тәжірибеміз халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Көпшілік оны жауапты әрі сындарлы диалог үлгісі ретінде қабылдады. Ең бастысы Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді, - деді мемлекет басшысы.

Тоқаев сындарлы диалог арқылы нағыз саяси мәдениеттің негізін қалыптастыратынын айтты. 

Соның арқасында сан алуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным, жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады. Бірінші отырыста үлкен мәселелер көтерілді. Барлық ұсыныстар мен бастамалар жұмысқа алынды. Жұмыс жалғасып жатыр. Осындай пікірталастар арқылы ғана оң нәтижелерге қол жеткіземіз. Біздің бірінші міндетіміз өзекті экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелер бойынша жүйелі әрі тиімді, ұзақ мерзімді шаралар қабылдау қажет. Мен халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымын жария еттім. Өз қызметімде ең алдымен қарапайым адамдардың ұстанымы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуым керек. Халықтан жоғары және биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Ұлттық кеңес бірінші кезекте қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауымыз тиіс. Азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен бірқатар мәселе бойынша алға ілгерілеп, шұғыл шешімдер қабылданды. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді, - деді ҚР президенті.

Өзгелердің жаңалығы