Диляра Қайдарова: Бір жылда 5600-ге жуық онконауқас коронавирус жұқтырған

12 Наурыз 2021, 15:21
2469
Бөлісу:
Диляра Қайдарова: Бір жылда 5600-ге жуық онконауқас коронавирус жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Онкология және радиология ҚазОРҒЗИ» АҚ Басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Академигі, Қазақстан онкологтар қауымдастығының төрайымы Диляра Қайдарова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «COVID-19 қарсы вакцинация: сарапшылардың пікірлері және негізгі ұсыныстар» тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде айтты.

Ол бүгінде коронавирус кезінде науқастарға онкологиялық көмек көрсету, арнайы көмектің қалай көрсетілгені туралы мәселеге баса назар аударылып отырғанын айтады. 

Пандемия кезінде науқастарға қажетті көмек үздіксіз көрсетіліп отырды. Бірақ, онкологиялық көмек көрсету барысында белгілі бір кедергілердің болғаны рас, ол мысалы, науқас ем қабылдау кезінде (химиотерапия, сәулелі терапия, хирургиялық ем) коронавирус инфекциясын жұқтырып алған болса, онда ем-дом шараларын тоқтата тұруға тура келді. Қазір пациент арнайы ем-дом шараларына кіріспес бұрын, міндетті түрде ПТР-тестін және КТ арқылы өкпесін тексертуі керек. Бүкіл онко-орталықтарда бұл бағыттағы хаттамалардың барлығы жолға қойылған. Сондықтан, онкологиялық көмек көрсетуге қатысты мәселе туындамайды, - деді ол.

Дәрігер коронавирус жұқтырған кезде онкологиялық ем-дом шараларын неліктен тоқтату керегін де түсіндіріп өтті. 

Химиотерапия немесе сәулелі терапия алып, иммунитеті әлсіреген науқас үстінен тағы коронавирус инфекциясын жұқтырып алса, онда пациенттің жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Былтырғы наурыз айынан бүгінге дейін 5600-ге жуық онконауқас коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 45 науқас дәл осы коронавирустан қаза болды. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша елімізде онкологиялық ауруы бар 190 мың пациент есепте тұр. 32 мың шамасында жаңа жағдай тіркелді. Бүгінгі таңда сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында, одан кейін өкпе қатерлі ісігі, үшінші орында асқазан және ішек қатерлі ісігі тұр, - деді ол.

Диляра Радикқызының айтуынша, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша, алғашқы орында өкпе қатерлі ісігі тұрса, одан кейін асқазан және сүт бегі қатерлі ісігі тұр.


Өзгелердің жаңалығы