Депутаттар да тоқтар емес. Маминнен зейнет жасын төмендетуді тағы да сұрады

10 Наурыз 2021, 14:03
1796
Бөлісу:
Депутаттар да тоқтар емес. Маминнен зейнет жасын төмендетуді тағы да сұрады

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Александр Милютин Премьер-министр Асқар Маминге зейнет жасын қайта қарау туралы тағы да сауал жолдады.

Оның айтуынша, 27 қаңтарда Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі фракциясы Премьер-министр Асқар Маминге ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған. Бірақ үкімет басшысы елде зейнетке шығу жасы қайта қаралмайтынын мәлімдеді. Бұл жауап депутаттарды қанағаттандырмаған. Сондықтан фракция депутаттары зейнет жасын төмендету мәселесін қайта көтеріп отыр.

Біріншіден, ынтымақты зейнетақы жүйесіне қайта оралу туралы ұсынысымыз әлемдік тәжірибеде мұндай жүйенің 1 зейнеткерге 4 жұмыс істейтін адамнан келетін арақатынас кезінде теңгерімді және табысты жұмыс істей алатындығы дәлелденгеніне негізделген. Егер ресми статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстанда қазір жұмыспен қамтылған халық саны 8,7 млн азамат. Бұл зейнетақы жасындағы адамдар санынан 4 есе көп, - дейді Александр Милютин.

Ол Премьер-министрден 1998 жылы Қазақстан бас тартқан ынтымақты зейнетақы жүйесін қайтару мәселесін талқылауға оралуды сұрады. Сонымен қатар мұны жалпылама сөздермен емес, жұмыс істейтіндерге тигізетін теріс әсері мен мемлекеттік бюджеттің нақты қаржылық мүмкіндіктерімен негіздеуді өтінді.

Екіншіден, сіздің жауабыңызда еңбек жағдайларының күрделілігіне байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарау туралы ұсынысымыз назардан тыс қалған. Заңда қарастырылған ерте зейнетке шығу тек құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін ғана емес, 60 жасқа дейін кәсіби жарамдылығын жоғалтқан кеншілерге, металлургтерге, өнер адамдарына (балериналарға) да қатысты болуы керек деп санаймыз. Зейнетақы заңнамасында қандай да бір қызмет саласына, азаматтардың әртүрлі санатына қатысты кемсітушілік болмауға тиіс және еңбек жағдайларының күрделілігін тең дәрежеде ескеруге тиіс деп ойлаймыз, - деді депутат.

Сондай-ақ зейнетақы мөлшеріне қатысты мәселені көтерді. 

Егер базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерінің орташа жалақыға байланыстырылуы сіздің жауабыңызда жазылғандай, «зейнетақы төлемдерінің мәнін көрсетпесе, экономикалық және әдіснамалық тұрғыдан негізсіз» болса, онда неге қолданыстағы «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 15 және 16-баптары зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жалақының мөлшеріне қарай есептеуді реттемейді? Мұндағы негізгі айырмашылық неде? Неліктен зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде заң азаматтардың нақты тапқан кірістерін елемейді, неліктен ол 46 АЕК мөлшерінде шектеу қояды?, - деді Александр Милютин.
Өзгелердің жаңалығы