Депутат министрден пандемия кезінде ҰБТ тапсырудың басқа да жолдарын қарастыруды сұрады

28 Сәуір 2021, 11:41
3433
Бөлісу:
Депутат министрден пандемия кезінде ҰБТ тапсырудың басқа да жолдарын қарастыруды сұрады

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса ҚР Білім және ғылым министрінен ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдетуді сұрады.

Шекараның арғы бетіндегі мыңдаған баламыз оқуын жалғастыруға атамекенге қол созып тұр. Ал қол ұшын беруі тиіс біздің Білім министрлігі не істеуде? Пандемия уақытында, шекаралар шегендеулі кезде Қазақстанға келіп, ҰБТ тапсыруларың керек деп тепсініп отыр. 15 сәуір күні Ұлттық тестілеу орталығының ресми парақшаларында жарияланған қандастарға арналған постына назар аударсақ, биылғы жылғы ҰБТ-ны офлайн форматта Қазақстанға келіп тапсырады делінген. Әлемнің көп елінде шекараның жабық екендігін ескерсек, пандемияның келесі толқындарының күштілігін байқасақ шекараның маусым айына дейін ашылмайтындығы белгілі. Яғни біз атамекенде білім алам деген қандастарымызды оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін,- дейді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасының 3.12-тармақшасында қандастарға барынша жан-жақты қолдау көрсетілуі туралы айтылған. Шетелдегі қандастарды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы ол – атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау деп отыр.

Сол себепті, соңғы өткен құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауда қандастарға бөлінетін квотаны 2 есе көбейту (2%-дан 4%-ға дейін) туралы тапсырма берген болатын.
Алайда бұл гранттар ешқашан толық игерілген емес. Басты себептің бірі – қандас талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмауы. Жоғары оқу орындарының «дайындық бөлімдеріндегі» 9 ай дайындалуы, олардың 11 жылдық қазақстандық мектеп бағдарламасын игеруге жеткіліксіз,- дейді депутат.
Ол 2020 жылы 2022 қандас Қазақстанға оқуға талаптанып, соның тек 930-в ғана оқуға мүмкіндік алды деп отыр. Өйткені проблемалар қандастардың оқуға түсу мүмкіндігін шектеуде. 
Дәл осы сәтте көршілес Ресей барлық ТМД елдеріне бөлінетін грантының санын 2024 жылға дейін 30 мыңға көтеруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Қазақстанға бөлінетін грант саны 1 орында екен. Ал біз оқуға келемін деп отырған өз бауырларымызға өзіміз кедергі болып отырмыз. Осындай саясатың бір дәлелі қандастарға деген көшіп келу квотасының 100 мыңнан 100 есеге дейін -1,5 мыңға дейін азаюы,- дейді мәжілісмен.
Оның айтуынша, осындай бір үлкен кедергі болып отырған мәселе ол шекараның ар жағында қалған қандастарды оқуға қабылдауды қиындату. Яғни шекараның жабық екенін көре тұра оларға Қазақстан аумағына келіп тест тапсырасыздар деп талап қою.
Тағы бір түсінуге келмейтін жағдай ол 2020 жылы мыңға жуық қандасымыз дайындық курстарында түсіп онлайн түрде оқыды. Оқуға мемлекеттік қаржы бөлінді. Ал енді сол балалар ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орнына келіп түсу керек. Бірақ  90 пайызы Моңғолия, Өзбекістан, Қытай, Түркменістан секілді шет мемлекеттерде. Енді  олар  пандемия тосқауылында Қазақстанға келіп қалай ҰБТ тапсырады? Сонда мемлекет қаржы бөліп, оқытып жарты жолда тастап кете ме?,- дейді Иса.
Ол осы мәселелердің барлығын ескере отырып, министрліктен шекара ашылмаған жағдайда, ҰБТ тапсырудың басқада жолдарын қарастыруды сұрады.

1.ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдету (ақпарат үшін: Болон процесі арқылы шетел азамматтары Қазақстанға оқуға түскенде жеңіл форматта екі емтихан тапсырады: мотивациялық хат және сұхбатасу);
2.Қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдау;
3.Елшіліктердің ғимаратарында ұйымдастыру;
4. Қандастарға ҰБТ-ны  2020 жылғы тәжірибені іске асырып, онлайн қабылдау.

Өзгелердің жаңалығы