Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Маңғыстау облысы Қошқар ата ойпатында орналасқан әлемдегі ең үлкен радиоактивті қалдықтар қоймасының экологиялық жағдайы тұрғындардың наразылығын тудырып отырғанын айтты.
Самат Мұсабаев депутаттық сауалды Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдады.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында еліміздің қоршаған ортасын қорғау мәселелері айрықша орын алған. Өйткені еліміздің экологиялық жағдайы халықтың денсаулығына және биоалуантүрлілікті сақтауға тікелей әсер етеді. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан территориясы әр түрлі жаңа технологиялар мен әскери қару-жарақтардың сынақ полигонына айналды. Соның ішінде ең ауыр зардаптар атом энергиясын пайдалану үшін жасалған жұмыстардың нәтижесінде болды. Семей сынақ полигонын айтпағанда, уран өндірісі зардаптарын әлі күнге дейін көріп отырмыз. Әсіресе 77 шаршы шақырым аумақты алып жатқан Қошқар ата ойпатында орналасқан әлемдегі ең үлкен радиоактивті қалдықтар қоймасының экологиялық жағдайы Маңғыстау үшін ең өзекті мәселе болып отыр, - деді депутат.
Айтуынша, онда шамамен 105 млн тоннадан астам уытты, оның ішінде 52 млн тоннадай әлсіз радиоактивті қалдықтар орналасқан. Ақтау қаласы, Мұнайлы аудандарының іргесінде орналасқан радиоактивті қалдықтар қоймасы 400 мыңдай халықтың, яғни облыс тұрғындарының 50%-ының денсаулықтарына кері әсерін тигізіп отыр.
Қазіргі таңда тұрғындардың арасында онкологиялық және басқа да аурулардың көрсеткіші өте жоғары. Сонымен қатар ғалымдардың Қошқар ата қоймасы айналасындағы жануарлар мен өсімдіктерді зерттеу нәтижелері оларда мутациялық процестер бар екенін көрсетті. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қойманы рекультивация жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Қалдықтар қоймасының жері 2012 жылы рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, радиоактивті қалдықтар шаң болып, атмосфераға көтерілмес үшін ашық қалған 45 шаршы километр жер 30 см-лік топырықпен жабылатын болып шешім қабылданған. Бұл ең арзан және оңтайлы шешім болатын, - деп толықтырды Самат Мұсабаев.
Депутат баяндағандай, 2020 жылы осы жұмыстарға Маңғыстау облысының Табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасы конкурс өткізіп, 15,5 млрд теңгені құрайтын жұмысқа мердігер анықталып, рекультивациялық жұмыстар жергілікті бюджет есебінен басталған болатын.
Бұл жобаға биыл көктемде республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Алайда жақында Маңғыстауда өткен кездесулерде бұл жұмыстарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі негізсіз тоқтатып тастағаны белгілі болды. Республикалық бюджеттен 1 млрд теңге әлі күнге дейін жергілікті мемлекеттік органның есепшотына аударылмаған. Рекультивацияның тоқтап қалуы Маңғыстау тұрғындарының наразылығын туғызып отыр. Экологиялық және мемлекеттік сараптамадан өткен бұл жоба неліктен тоқтап қалғаны туралы мәселе көтеріліп отыр, - деп жеткізді ол.
Депутат атап өткендей, Қошқар ата ойпатындағы радиоактивті қалдықтарды рекультивациялаудың әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, тез арада залалсыздандыру жұмыстарын қайтадан бастау қажет. Ол үшін биылға бөлінген 1 млрд теңге тиісті меморганға аударылып, жобаны тоқтатқан лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қаралуын сұрады.