Депутат eGov порталын алмастыруға қатысты пікірін білдірді

13 Қыркүйек 2021, 18:18
1944
Бөлісу:
Депутат eGov порталын алмастыруға қатысты пікірін білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Цифрлық даму, инновация, аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге бірнеше сұрақ қойды. Желідегі жазбасы арқылы ол eGov порталын алмастыру және ресейлік «Сбербанк» АҚ-мен осы мәселе бойынша меморандумға қатысты қоғамның пікірін жеткізді.

Оның айтуынша, бұл жағдайға қатысты сан алуан пікір туындап жатқан көрінеді.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сандық технологияға көшіп, осы саланың шапшаңдығы артып, тиімділігі артқандығы дұрыс, құптарлық қадам. Сарапшылардың айтуынша, технологиялық дәрежесі жоғары серіктессіз бұл мәселені шешу мүмкін емес екендігі анық. Дегенмен қоғам өкілдерін қазақстандықтардың жеке деректерінің сақталуы мен қауіпсіздігі мәселесі өте алаңдатып отыр. Бүгінде барлық деңгейдегі азамат осы мәселені қызу талқылауда, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты өз парақшасында. 

Сондай-ақ Nur Otan партиясы еліміздің цифрландыру саласы мемлекет дамуына өзінің нақты үлесін қосуы тиіс деп есептейтінін жеткізді. Депутат министрден осы проблемаға байланысты бірнеше сұраққа жауап беруін өтінді.

Неліктен Қазақстан Республикасының сандық трансформациясы саласындағы жұмысқа «Сбербанк» серіктестігімен меморандумға қол қойылды? Неліктен банк төрағасы қол қойған мұндай құжатқа Қазақстан Премьер-министрі қол қоюы тиіс? Министр немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» басшысының деңгейі емес пе? – деді ол. 

Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров аталған мәселе бойынша елімізбен серіктес болу үшін жаһандық деңгейде көшбасшы ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілген-жүргізілмегенін сұрады. Сонымен қатар депутат аталған жоба жүзеге асырылған кезде ақпараттық қауіпсіздік нормаларының қадағалануына алаңдаулы көрінеді.

Азаматтардың деректер базасы қай жерде сақталады, бұл базаға шет ел азаматтарының кіру, көру еркіндігі бола ма? Алты жылда мемлекеттік «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ 860 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Сонымен бірге барлық мемлекеттік орган, квази мемлекеттік сектор, ешқандай қызметін көрмесе де, осы компаниямен келісімшартқа отыруы тиіс деген ақпарат та бар. Осыншама қаржы бөліне отырып, неліктен азаматтар сыртқы-ішкі қолданушы ретінде үзіліссіз, кедергісіз жұмыс істейтін ұлттық сервис алаңын жасай алмадық? – деді Ерлан Саиров. 

Оның айтуынша, мұрағат саласын цифрландыруға 1,2 млрд теңге бөлінген екен.

Осы шаруа неге аяқсыз қалған, қаржы қайда? Азаматтар ең көп қолданатын жердік кадастр саласы неліктен әлі күнге дейін цифрландырылмаған? Біздің ойымызша, халық, қоғам алдында цифровизация саласындағы жаңдай жөнінде есеп беретін уақыт жетті! – деп жазды Мәжіліс депутаты. 


 

Өзгелердің жаңалығы