Депутат Божко мен Косарев "мәжбүрлі түрде" демалысқа кетті

26 Наурыз 2020, 16:43
1936
Бөлісу:
Депутат Божко мен Косарев "мәжбүрлі түрде" демалысқа кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сәйкес Мәжілістің кейбір депутаттарына пленарлық отырыстарға қатыспауға және үйде болуға кеңес берілді.

Наурыз мейрамынан кейін Мәжілістің жалпы отырысын өткізген спикер Нұрлан Нығматулин карантинге байланысты кейбір әріптестеріне демалыс берілгенін айтты.

Бүгінгі жалпы отырыс біршама өзгерген форматта өтіп жатыр. Біздің кейбір әріптестеріміз қатысып отырған жоқ. Бірақ алаңдаудың реті жоқ, олардың барлығы аман-есен. Атап айтқанда, кейбір әріптестеріміздің жасы 65-тен асқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сәйкес, оларға жалпы отырысқа қатыспау туралы кеңес бердік, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжілістің VI шақырылымының 2016 жылғы 20 наурызда сайланды. Арасында өзгеріс болып тұрады. Мысалы, қазіргі вице-премьер Роман Скляр 2016 жылы депутат болып сайланып, кейіннен үкіметке ауысып кеткен. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те бір кездері осы шақырылымда депутат болған. 

Жалпы, Мәжіліске заң бойынша 107 депутат сайланады. Оның ішінде 98-і партиялық тізім бойынша өтеді. Ал 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы мандат алады. 2016 жылғы сайлауда "Нұр Отан" партиясы (82,20%), Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы (7,18 %) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14 %) дауыс жинаған. 

"Нұр Отан" партиясынан 84, "Ақ жол" партиясынан 7, Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан 7 депутат Парламент Мәжілісіне өткен. Қазіргі кезде Мәжілісте 106 депутат бар. Жақында "Нұр Отан" партиясының атынан сайланған Бақытгүл Хаменова Атырау облысының әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Сондықтан оның орнына әлі жаңа депутат келген жоқ. 

Мәжілістегі ең жас депутат – Геннадий Шиповский. Ол 1989 жылы дүниеге келген. Осы жылдың 22 қазанында 31 жасқа толады. 
Ал 65 жастан асқан 20 депутат бар екен. Оның ішінде 65-70 жас аралығында 10 депутат, 70-80 жас аралығында 9 депутат, 80 жастан асқан бір депутат төменгі  палатада қызмет етеді. 

Ең егдесі – Қазақстан Коммунистік Халық партиясының өкілі Владислав Косарев осы жылдың 16 қарашасында 83 жасқа толады. 

 65 жастан асқан Мәжіліс депутаттары:
1. Сауытбек Әбдірахманов
2. Владислав Косарев
3. Асқар Базарбаев
4. Галина Баймаханова
5. Ерсұлтан Бектұрғанов
6. Владимир Божко
7. Қабиболла  Жақыпов
8. Жанат Жарасов
9. Жексенбай Дүйсебаев 
10. Бақытжан Ертаев
11. Байділдә Жылқышиев
12. Ахмет Мурадов 
13. Шаймардан Нурумов 
14. Омархан Өксікбаев
15. Бақтықожа Ізмұхамбетов
16. Қуаныш Сұлтанов
17. Тұрғын Сыздықов
18. Серік Үмбетов
19. Михаил Чирков
20. Абай Тасболатов

Сондай-ақ Екатерина Никитинская мен Гүлжан Қарақұсова осы жылы 65 жасқа толады. 

Ал жоғары палата – Сенатта 34 депутаттың еліміздің 17 аймағынан сайланған. Оның ішінде 14 облыс пен үш республикалық маңызы бар қаладан екі-екі депутаттан өткен. 15 депутатты ел президенті тағайындайды. Қазіргі кезде Сенатта 48 депутат бар. 
Сенаттағы ең жас депутат – шымкенттік журналист Айгүл Қапбарова. Ол 1975 жылы дүниеге келген. Биылғы жылдың 10 тамызында 45 жасқа толады. 

Жоғары палатада 65 жастан асқан 6 "халық қалаулысы" бар. Оның ішінде 65-70 жас аралығында – төртеу, 70 жастан асқан – екеу. 
Сенаттағы ең егде депутат Бекмырза Еламанов пен Төлеубек Мұқашев. Екеуі де 1950 жылы дүниеге келген.

Өзгелердің жаңалығы