Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында жергілікті эпидемиологиялық ахуалмен таныстыру үшін Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов аймақтағы Ордабасы ауданының орталық ауруханасына бастап алып келді. Министрлік өкілі жергілікті тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін мекеменің ахуалымен танысып шықты.
Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиевтің айтуынша, жергілікті емдеу мекемесі 120 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.
Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 158 науқас тіркелді. Өкінішке қарай, 2 адам індеттен қайтыс болды. Бүгінде ауданымызда коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқас жоқ. Провизорлық орталықтағы орындар саны қырыққа дейін азайды. Ауданда 9 өкпені жасанды желдету аппараты мен 70-тен астам оттегі концентраты бар. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ешқандай тапшылық жоқ. Ауданда құрылған 17 мобильді медициналық топ мыңнан астам адамның үйіне барып қызмет көрсетті, - деді бас дәрігер Бақытжан Мырзагелдиев.
Ордабасы ауданының орталық аурухана қызметкерлері Денсаулық сақтау вице-министріне емдеу мекемесіндегі қазіргі ахуалды толық баяндап берді.
Өздеріңіз білесіздер, жүрек аурулары, қант диабетімен және созылмалы ауруы бар науқастар қатерлі топқа жатады. Оларды базалық терапиямен емдейді. Сондықтан диспансерлік есептегі пациенттерді бөлек қадағалап, оларды есепке алып, дәрі-дәрмектерін уақытылы беріп, күнделікті динамикалық қадағалауға алу керек. Сол кезде ауруханада кезек болмайды, - деді вице-министр Ажар Ғиният.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау вице-министрі Ордабасы ауданының ақ халаттыларымен сөйлесіп, олардың өздерінің де індеттен аман-есен сақтанып емделуіне, жалақыларын уақытылы алып жатқандығы жөнінде сұрастырып, қамқорлығын білдірді.
Ордабасы аудандық орталық ауруханасында жалпы саны 243 төсек-орын бар. Атап айтқанда, терапия – 32, хирургия – 21, травматология – 13, неврология – 23, балалар бөлімі – 45, гинекология – 12, перзентхана – 30, жұқпалы аурулар бөлімі – 40, оңалту бөлімі – 15, паллиативтік – 3.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ауруханадағы автоматты байланыс (CALL-орталық) жүйесінің жұмысымен, дәрігерлердің өздері жатып тынығатын бөлмелермен, провизорлық бөлімдер мен жедел жәрдем қызметі көліктерінің жағдайымен танысты.
Індет өршіген күрделі кезеңде біздің ауруханадағы CALL-орталыққа күніне 40 қоңырау келіп түскен болатын. Автоматты байланыс жүйесі іске қосылып, бір мезетте бірнеше қоңырау қабылданды. Осылайша, азаматтардың сұрақтарына жылдам жауап беріп отырдық. Қазір қоңырау екі есеге азайды, - деді аурухана басшысы Б.Мырзалыұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысында қазіргі кезде госпитальдардағы және провизорлық төсек-орындар саны 2 есеге дейін қысқарды. Осы жылдың 30 наурызынан бастап 14 тамыз аралығында коронавирус инфекциясы расталған 3105 науқас тіркелді. Жазылып шыққан науқастар саны 2711 немесе жалпы сырқаттанғандар санының 87,3 пайызын құрайды. Оның ішінде симптомсыз жағдайда 1838 адам жазылды.