Демалыс және мереке күндері шектеу шаралары сақталады – Бекшин

3 Қыркүйек 2020, 16:27
2190
Бөлісу:
Демалыс және мереке күндері шектеу шаралары сақталады – Бекшин

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілгенімен, демалыс күндері кейбір нысанның жұмыс істемейтінін мәлімдеді.

Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Алматыда эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанын айтады.

Өткен аптада 100 мың тұрғынға шаққанда ауру деңгейі 5% құрайды. Жұқтыру деңгейі екі есе төмендеді. Күнделікті өсу қарқыны шілде айына қарағанда 35 есеге төмендеді. Нәтижесінде жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орындардың 83% босады. Бұл қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанын көрсетеді, - деді Бекшин. 

Сонымен қатар, ол қазір қаладағы шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жүзеге асып жатқанын айтты. Мәселен, мәдениет нысандары ашылған. Оның ішінде кітапханалар, мұражайлар, 30 адамнан аспайтын жеке топтық дайындық, мешіттер бар. 

Сонымен қатар, мектептерде де кезекші топтардың жұмысына рұқсат берілген. Оған қоса, жұмыс күндері бассейндерге де рұқсат берілді. 15 адамнан аспайтын топпен Ұлттық саябақтар мен өзге де табиғи аумаққа шығуға болады, - дейді ол. 

Сөз арасында Бекшин қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанына қарамастан ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері шектеу шаралары енгізілетінін жеткізді.

Бұл нұсқаудың азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларға қатысы жоқ. Қаладағы ойын-сауық орталықтары, азық-түлік емес сауда орындары, жабық базарлар, сұлулық салондары, спорт орталықтары, жаттығу залдары, ашық ауадағы аттракциондар жұмыс істемейді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы