Шетелдік ЖОО-ның филиалдарын ашу жоспарланып отыр – Мамин

11 Наурыз 2021, 11:02
2402
Бөлісу:
Шетелдік  ЖОО-ның филиалдарын ашу жоспарланып отыр – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин білім беру саласын дамыту мәселелері өте өзекті әрі маңызды екенін атап өтті.

Бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту - «білім экономикасына» көшудің негізгі факторы. Сондықтан қоғамда білім беруге әрқашан ерекше талаптар қойылып, үлкен назар аударылады. Осыған орай, Nur Otan партиясының бағдарламасын іске асыру аясында білім берудің мазмұнын жаңарту, оның жаңа инфрақұрылымын құру, педагогтар мен оқушыларды әлеуметтік қолдау бойынша нақты шаралар әзірленді, - деді Үкімет басшысы.

Маминнің сөзінше, 2024 жылға қарай педагогтардың жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы 2 есе өседі. 800 жаңа мектеп салынып, 5000 ауыл мектебі жаңартылады. 

Колледждерде 9 сыныптың негізінде білім беру толығымен тегін болады. 10 колледж бизнеске сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл тәжірибені одан әрі жалғастыру қажет, - деді Премьер-министр.

Университеттердің білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттардың негізінде 100% жаңартылады, бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады. 

Дарынды жастардың елден кетуін азайту мақсатында шетел университеттерінің филиалдарын ашу жоспарланып отыр. 20 отандық жетекші жоғары оқу орны өңірлердің өсу нысанасы болады.  Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен жаңа технологияларды дамытумен айналысатын екі озық жоғары оқу орны құрылады, - деп түсіндерді ол отырыста.

Үкімет басшысының айтуынша, жоғары білім қолжетімді болу үшін 2025 жылға қарай гранттар саны 50 пайызға артады. Жыл сайын жас ғалымдарға 1000 грант бөлініп, 500 қазақстандық ғалым әлемге танымал ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өте алады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылғы сәуірде Үздіксіз білім беру тұжырымдамасы қабылданады. Білім және ғылым министрлігі Білім беру саласындағы ұлттық жобаларды әзірлеу кезінде Елбасының, Мемлекет басшысының, «Нұр Отан» партиясының барлық тапсырмаларының іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет, - деп айтты Мамин.

Премьер-министр қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін күнделікті ауқымды жұмыс істеу керек екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы