Реаниматолог: Дәрігер үшін ең маңыздысы – сырқаттың сенімін ақтау

22 Маусым 2020, 17:45
3606
Бөлісу:
Реаниматолог: Дәрігер үшін ең маңыздысы – сырқаттың сенімін ақтау

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Юрий Кабаргин Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының реаниматология бөлімшесінде қырық жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді.

Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген оның алдында бір ғана мақсат, бір ғана арман тұрды. Ол – өз алған білімін халық игілігіне жарату.

Бала күннен мұнтаздай таза ақ халатты киюге құмарлық қиындығы мен қызығы бірге жүретін мамандықты таңдауыма себеп болды. 1980 жылы мединститутты тәмамдап, реаниматолог мамандығын алып шықтым. Бөлімшемізде сегіз дәрігер қызмет етеді. Индира Сарабаева, Владимир Вурц, Марат Баширов сияқты өз ісінің білгірлерін айрықша атап өтуге болады. Бұл мамандық үшін әрбір ұсақ-түйектің өзі маңызды. Мүлт кетсең, пациенттен айырыласың. Жүктелген жауапкершілікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да болар, бұл салаға келетіндер аз. Реаниматолог-анестезиолог кез келген уақытта, мерекелер мен демалыс күндері ауруханаға шақыртылады, - дейді Юрий Кабаргин.

Әр саланың өзіндік ерекшеліктері бар, үйренбесе, ізденбесе өзіне сеніп тапсырылған адамдар денсаулығына нұқсан келеді емес пе? Қандай істің де тетігін шешетін кадр екендігі әу бастан айтылып келеді, айтыла береді де. Білікті маман өзі білген саласын әп-сәтте дөңгелетіп әкетеді. Yнемі науқастардың жанында болып, олардың аурудан айығып кетуі үшін барын салып жүрген жас дәрігер есімін жұртшылық жылы атай бастады.

Облыстық ауруханада Юрий Петровичтің кәсіби шеберлігіне куә болған әріптестері осыдан отыз жыл бұрынғы бір оқиғаны жиі еске алып отырады. Ауруханаға ес-түссіз халдегі әйел жеткізіледі. Пациентті қараған дәрігерлер бұл жағдайда медицинаның дәрменсіз деген қорытынды шығарады. Біраз уақыттан соң ординаторлар бөлмесіне Юрий Петрович кіріп келіп, науқастың жалпы палатаға ауыстырылғанын жеткізеді. Жас маман сол сәтте дәрігерлік міндетін адал атқаруды ғана ойлаған. Сол антынан күні бүгінге дейін айныған жоқ. Содан бері мұндай оқиғалардың талайы көз алдында орын алды.

Санавиацияда науқасты ауруханаға шұғыл жеткізу кезінде өмір мен өлім арпалысқан сәтте реаниматологтарға аса үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Санавиация – дөңгелегі бар кереует. Көлік жүріп бара жатқанда, барлық шұғыл емдеу шаралары да бірге жүріп жатады. "Реанимация" сөзі кім-кімнің санасына қорқыныш ұялатады. Пациент денсаулығына қауіп төнеді, өмірмен қоштасуы мүмкін. Осы сәт реаниматологтың білім-білігі сыналатын шақ. Адамның көңілі, жаны нәзік. Оның үстіне аурухана есігін ешкім еріккеннен ашпайды. Бір үміт, бір күдікпен келгендердің сенімін ақтай алуың керек, - дейді Юрий Кабаргин.

Реаниматолог пен анестезиолог бір-бірімен біте қайнасқан мамандықтар. Барлығы дәрігердің тәжірибесі мен кәсіби шеберлігіне байланысты.

Ұйқысыз түндер көп. Аудандарға санавиация, кеңес беру, ауыр науқасты тексеру... Ауыр халдегі науқастармен жұмыс істеу ерекше ерік-жігер, табандылықты талап етеді. Пациенттерге қабылдау жүргізбегенімізбен, адам өмірін арашалап қалғанда өз мамандығымыздың айрықша маңызға ие екендігіне көз жеткіземіз. Әрине, тәжірибемізде сәтсіздіктер де кездесіп жатады. Бірақ ол біліміңді, шеберлігіңді жетілдіруге ұмтылдырады. Яғни, қателіктерді қайталамасаң, сәтсіздіктер де азаяды, - дейді дәрігер.

Дәрігер шығыс медицинасына құрметпен қарайды. Оның көмегімен күнделікті емдеу тәсілінде тиімді нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жас кезінде спортпен айналысып, омыртқасы зақымданғанда пайдасына көз жеткізген. Аяққа тұрудың өзі қиын болған. Болашағын дәрігерлікпен байланыстырған ол өзіңе өзіңнен басқа ешкім көмектесе алмайды деген ұстанымды ұстанып келеді. Емдеу процесіне рух пен дене деген "препарат" енгізілді. 60 жастан асқан дәрігер әр күнін жаттығу жасаудан бастайды. Тәжірибелі маман мұқтаж жандарға қол ұшын созудан жалыққан емес.

Жалпы қайырымдылықты әркім әр қалай ұғынады. Өз басым адамгершілік пен сүйіспеншілік сынды адамзаттық қасиеттерді бойына сіңірген көзі ашық, көкірегі ояу жандардың жүрегімен жасалатын өнегелі істі адамдардың бүкіл саналы ғұмырының сарабдал түйіні деп білемін. Біздің мамандығымыздың өзі адамға қайырылу, қайырымдылық жасау дегенге саяды, – дейді Юрий Кабаргин.

Өткен күндер елесін көңіл көкжиегінде таразылаған дәрігердің жүрегіне осы бір тұжырыммен-ақ қуаныш ұялағандай. Біле-білген жанға жемісті еңбек бақыты деген осы болар.

Өзгелердің жаңалығы