Бас жаңалықтар
Дариға Назарбаева Елбасыға «Құрметті Сенатор» төсбелгісін табыстады
06 Маусым 2019, 11:23 1279

Дариға Назарбаева Елбасыға «Құрметті Сенатор» төсбелгісін табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысының алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды.

«Сенат отырысына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр», - деген Дариға Назарбаеваның сөзінен кейін сенаторлар Елбасыға қошемет көрсетті.


«Бүгін – Сенат тарихында ерекше күн. Өткен аптада Палата отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын сенаторлар бірауыздан қолдап, тарихи шешім қабылдады. Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешім Сіздің жасампаз еліміздің іргетасын қалаудағы, әлем мойындаған стратегиялық дамудың дара жолын айқындаудағы кемеңгерлік қызметіңізге және кәсіби қос палаталы Парламентті қалыптастырудағы орасан зор еңбегіңізге сенаторлардың терең құрметі деп қабылдаңыз. Сенат бюросы қабылдаған «Құрметті Сенатор» мәртебесі туралы ережеге сәйкес, арнайы төсбелгі мен куәлікті Сізге Сенат атынан тапсыру маған жүктелген. Енді осы құрметті миссияны орындауға рұқсат етіңіз», - деген Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Елбасыға төсбелгіні тағып, куәлікті табыстады.


30 мамырда Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастыруға, сондай-ақ отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқаны үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасына «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілген болатын. 



«Құрметті сенатор» мәртебесін беру – Ата Заңның, ҚР азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз еткен қазақ елі мемлекеттігінің негізін салушы ретінде, сонымен қатар мемлекет дамуының стратегиялық бағытын нұсқаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізге сіңірген еңбегін мойындау.



Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Сізден жаңалық