Бас жаңалықтар
Дариға Назарбаева БАҚ аккредитациясы жайлы: Бұл проблеманы шешудің миллион жолы бар
21 Ақпан 2019, 14:26 770

Дариға Назарбаева БАҚ аккредитациясы жайлы: Бұл проблеманы шешудің миллион жолы бар

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Дариға Назарбаева БАҚ-ты аккредитациялау ережелеріне енгізуге жоспарланып отырған өзгерістермен мұқият танысқанын айтты.

Сенат кулуарында берген сұхбатында Дариға Назарбаева өзгерістерге қатысты медиа қауымдастықтың пікірлерімен, сонымен қатар Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің көзқарасымен танысқанан да жеткізді.

«Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрі кәсіби қауымдастықпен консенсус орнатылғаннан кейін ғана бұйрыққа өзгерістер қабылданатынын айтты. Меніңше, бүгін негізгі даулы мәселелер шешімін тапты. Тек журналистерге орын жеткіліксіз болған кезде ғимаратқа кіру мәселесі қалып отыр. Менің ойымша, бұл жайтта да белгілі бір келісімге келуіміз керек. Өз жұмысы жайлы кеңірек жариялағысы келетін мемлекеттік орган журналистердің жұмыс жасауына сәйкес жағдай жасап, қажетті бөлме іздеуге міндетті. Барлығы сыятындай үлкендеу ғимарат табу керек немесе фойеде отырыс залынан тікелей көрсетілім ұйымдастыру қажет. Яғни, бұл проблеманы шешудің миллион жолы бар. Меніңше, біз осы мәселеде белгілі бір шешім табамыз», - деді Дариға Назарбаева.

Сенатор Ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, жұмыстан шығып кеткен журналистердің шараға келу мәселесі бар екенін де айтты. Дегенмен, тілшілерді жұмыс істейтінін дәлелдеу үшін түрлі қағаз, анықтамалармен жүгіртіп қоймай, баспасөз қызметтері белсенді жұмыс атқаруы тиіс. Баспасөз қызметтері мен редакциялар бір-бірімен байланыста болуы керек.

Атап өтсек, жуырда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ-ты аккредитациялау ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Дегенмен, журналистер кейбір өзгерістермен келіспейтіндерін жеткізді. Ал кеше министр Дәурен Абаев ереже қабылдау кезінде журналистер пікірі міндетті түрде ескерілетінін айтты.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Сізден жаңалық