Дарабоз-2019. Теңге ілудің жеңімпаздары анықталды

11 Қазан 2019, 18:40
2968
Бөлісу:
Дарабоз-2019. Теңге ілудің жеңімпаздары анықталды
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Осымен үшінші жыл қатарынан Ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан «Дарабоз» халықаралық турнирінің Теңге ілу бойынша жеңімпаздары анықталды.

Екі күнге жалғасатын дүбірлі додаға оннан астам теңге ілу шебері қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген епті жігіттер «Жастар жылына» орай ұйымдастырылған турнирде өз шеберліктерін танытты. 

«Жастар жылына» орай ұйымдастырылғандықтан биылғы «Дарабоз-2019» турнирінің ережесіне аздап өзгерту енгізілген. Ол – жарысқа қатысушы спортшы 1993 жылдан бергі уақытта дүниеге келген жас болуы керек.

Сонымен, Мағжан Жеңісов (БҚО), Мансур Жұмыров (Атырау қаласы), Азамат Серғазин (Ақтөбе облысы), Жандос Қалымтаев (Ақмола облысы), Нұрхан Елжанов (Жамбыл облысы), Рахат Комбаров (Түркістан облысы), Нұрлыхан Ұлықпанов (Атырау қаласы), Бекнұр Серіков (БҚО), Шыңғысхан Ержанов (Ақтөбе облысы) және Нұрбағылан Сәдуахас (Түркістан облысы) қатарлы епті жігіттер сынға түскен сайыста алғашқы үш орынға ие болған теңге ілушілердің ілген теңге саны бірдей болды.

244d4b32-0483-43a3-82a4-a5fbf9aabc45.jpg

Дегенмен, жылдамдық, уақыт бойынша есептеліп, жеңімпаздар анықталды.

«Дарабоз-2019» турнирінде Теңге ілу спорты бойынша Түркістан облысынан келген Нұрбағылан Сәдуахас 2 теңге іліп, 13,38 секундтта өткені үшін жеңімпаз атанды.

Ал дәл осылай 2 теңге іліп, бірақ Нұрбағыланнан 0,2 секундқа қалып кеткен Түркістан облысының тағы бір түлегі – Рахат Комбаров (13,40 секунд) жүлделі екінші орынды місе тұтты.

Сондай-ақ, алғашқы екі ойыншымен теңге саны тең болса да, уақыттан ұтылған Жамбыл облысы Жуалы ауданынан келген епті жігіт – Нұрхан Елжанов (15,12 секунд) турнирдің алғашқы үштігін түйіндеді.

Бұдан бөлек «Дарабоз-2019» турнирі аясында Жамбы атудан, тазы жүгіртуден және 25 шақырымдық топ бәйге мен 7 шақырымға жорға жарысы өтеді. Сонымен бірге құнан бәйге мен аударыспақ та турнир көрігін қыздырмақшы.

Ал осы турнир барысында ел назарын ерекше аударып отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтетінін де ескерте кеткен абзал. 

Ертең, яғни 12 қазан күні өтетін 51 шақырымдық аламан, осымен еліміз көлемінде бесінші рет ұйымдастырылып отыр. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы өткізіп келе жатқан дәстүрлі ат бәйгесі биылғы жылы Атырау даласында, Ақ Жайық жағасында өтпекші.

Өзгелердің жаңалығы