Дәрігерлер жалақысы 2,5 есе артады

19 Желтоқсан 2019, 12:11
4097
Бөлісу:
Дәрігерлер жалақысы 2,5 есе артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырды. 

Бағдарламаның мақсаты – сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Осы мақсат үш міндет арқылы тоғыз жұмыс бағыты аясында орындалады. Алғашқы міндет қоғамдық денсаулық сақтауды дамытуды көздейді. Осы орайда тұзды тұтыну – 31%-ға, темекі шегу – 13,6%-ға, алкогольді тұтыну 16%-ға төмендейді. Дене шынықтыру және спортпен айналысатын халық үлесі 36%-ға жетеді.

Екінші бағыт аясында тамақ өнімдерінің сапасына, негізгі инфекциялық аурулармен күреске және жарақаттану мен жазатайым оқиғаларды төмендетуге назар аударылады. Нәтижесінде адамның иммун тапшылығы вирусінен емдеумен қамту 29%-ға артады, жол-көлік оқиғасынан өлім 24%-ға, туберкулезбен сырқаттану 9%-ға, уланудан өлім 10%-ға төмендейді, - деді Біртанов.

Министр үшінші бағыт шеңберінде аурулардың алдын алуға, жастар денсаулық орталықтарын күшейту арқылы балалар мен жастар денсаулығына, оның ішінде менталді және репродуктивті денсаулыққа ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Осы шаралардың арқасында алғашқы медициналық-санитариялық ұйымдарға профилактика мақсатымен келу жиілігі 16%-ға артады. 

Адами капиталды дамыту бойынша кәсіби дамытуды жетілдіру, биомедициналық зерттеулер нарығын дамытып, коммерцияландыру, дербестендірілген медицинаны енгізу көзделген. Жалақыны арттыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, кәсіби жауапкершілікті қорғау арқылы медициналық қызметкер мәртебесін арттыру жоспарланған. Дәрігердің орташа жалақысы 2025 жылы 2,5 есе асады және ауылдағы медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету 13%-ға өсіп, клиникалық зерттеулер саны 2 есе артады, - деді ведомство басшысы.
Өзгелердің жаңалығы