Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдық 68 жастағы Кенжетай Көжеков мұнда өкпесі 75%-ға зақымдалған күйде түскен.
Бүгін Нұр-Сұлтандағы ІІ Дүниежүзілік соғыс мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдің соңғы емделушісі жазылып шықты. Аурухана директоры Динара Оразалинованың айтуынша, 68 жастағы Кенжетай Көжековтің өкпесі 75%-ға зақымданған.Бұл науқас бізге өкпесінің 75%-ы зақымдалған күйде келді. Ол қанағаттанарлық жағдайда емделіп шыққан науқастар арасындағы ең көрнекті пациент болып отыр, - деді ол.
Ауылдағы (Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылы) ауруханада он күн ем қабылдадым. Олар да қолдан келгенше аянған жоқ, алғысым шексіз. Төсек тартып жаттым демеймін, тек ентігіп дем ала алмай қалдым. Екі қызым осы Нұр-Сұлтанда тұрады, солар шақыртып, осы жақтағы емханаға жатқызды. Індетті қалай жұқтырғанымды білмеймін. Тіршілік болған соң, такси жүргізушісі болып қызмет етемін. Мұндағы дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ, - дейді емделуші.
Аурухана провизор ретінде 24 маусымнан бастап жұмыс істей бастаған. 54 күн ішінде мұнда 18 жастан 90 жас аралығында 730 науқас келіп түскен.
Біздің ауруханада бірде-бір өлім-жітім дерегі тіркелген жоқ, барлық пациент сауығып шықты. Қалыпты режимде госпитальға 300-ге жуық пациент келіп түседі. Госпиталь республикалық болғандықтан, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерлері және оларға теңестірілгендер келеді, - деді госпиталь директоры.
Емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Серік Шахметов әуелде вируспен күрес қиынға соққанын айтады.
Бұған дейін мұндай жағдаймен бұрын-соңды кездеспеген соң, алғашқы апталарда қиын болды. Бірақ, ол қиындықтан да өттік. Мамандар індеттің екінші толқын болуы мүмкін деп жатыр, біз оны да жеңіп шығатынымызға сенімдімін, - дейді ол.
Госпиталь екі аптаға дезинфекцияға жабылады. Кварцтеу, өзге де тазарту жұмыстарынан соң санитарлық-эпидемиологиялық станцияның тексерісінен өткен соң, 1 қыркүйектен бастап жоспарлы емдеуге жатқызу қайта басталады.