COVID-19: Екінші толқын кезінде бизнестің бәрі тоқтамайды

25 Қыркүйек 2020, 15:06
2256
Бөлісу:
COVID-19: Екінші толқын кезінде бизнестің бәрі тоқтамайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустың екінші толқыны кезінде локдаун енгізілсе, бизнес өте үлкен шығындарға ұшырауы мүмкін. 

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингте Президент Жолдауына орай шағын және орта бизнесті қолдау шараларына арналған онлайн брифингте «Атамекен» Ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.

Оның пікірінше, барлық сақтық шарасы мен алдын алу жұмысын қатаң сақтап, жағдайды карантинге жеткізбеген абзал.

Күзде респираторлық аурулардың өршуіне байланысты науқастанғандар болатыны сөзсіз. Медициналық тұрғыдан біз оған дайынбыз. Комиссия мүшесі ретінде алдын алу бағытында қаншалықты шаралар атқарылып жатқанына куәмін. Біз өткен жағдайдан сабақ алдық деп ойлаймын. Ендігі кезекті тұрғындардың жауапкершілігі өте маңызды рөл атқарады. Карантиннің болуы болмауы көп жағдайда осыған байланысты, - деді ол.

Оның айтуынша, тағы бір карантин әлі де толықтай жанданып үлгермеген бизнесті тіптен тұралатып тастайды. Сондықтан каратинді болдырмаудың амалын жасауымыз керек. Тұрғындардың жауапкершілік соның басты факторы. 

Сондай-ақ ол карантин енгізілсе де, бірінші толқындағыдай бизнестің барлығы жұмысын тоқтатпайтынын атап өтті.

Екінші толқын кезіндегі бизнесті қолдау шаралары АҚШ пен Ресей еліндегідей болып, 0-2 пайызбен 1,5 жылға несие берілуі мүмкін. Егер кәсіпорын тоқтап қалмай, 80-90 пайыз штатын сақтап қалса, алайда жұмыс өнімділігінің азаюына байланысты табысқа шыға алмаса, несие толықтай кешірілуі тиіс, - деді ол. 

Сондай-ақ жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем де 42 500 емес, 50-60 мың теңге көлемінде болуы керек.

Айта кетейік, елімізде алдағы жылдарда жоспарланатын шаралардың барлығы кәсіпкерлік үшін оның салдарын жеңілдетуге бағытталатыны анықталды. Сонымен қатар дамыған елдер тәжірибесіне негізделген бизнесті дамытудың жаңа жүйесі әзірленетін болды. Қазақстанда орта есеппен 200 мыңға жуық кәсіпкер өз жұмысын жандандыра алмай отыр.

Өзгелердің жаңалығы