Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мегаполисте коронавирус инфекциясын жұқтырған 26 адам тіркелді. Кеше 13 адамнан вирус анықталды. Қала бойынша вирус жұқтырғандардың жалпы саны1622 адамды құрап отыр.
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, жаңадан тіркелген жағдайлардың барлығы провизорлық госпитальдарда карантинде болған адамдар. Бұған дейін олар вирус жұқтырған адамдармен байланыста болған.
Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус індеті бойынша жағдай тұрақталды. Соңғы күндері Covid-19 вирусына оң нәтижелер тек карантиндегі адамдардан анықталды. Жаңа жұқтыру ошақтары жоқ. Стационарларда коронавирустық инфекциядан 1145 адам, провизорлық госпитальдарда 404 азамат емделуде, карантинде – 329 адам және үйде оқшаулауда 15 327 азамат бар, - деді Әбілдаев.
Сонымен қатар, ол стационардағы 33 науқастың жай-күйі ауыр екенін жеткізді. 237 адамда ауырлықтың орташа дәрежесінде және қалған науқастарда симптомсыз жеңіл түрде өтуде екен.
Қазіргі уақытта Алматы қаласында ӨЖЖ аппаратымен емделіп жатқан науқастар да, жай-күйі аса ауыр дәрежедегі науқастар да жоқ. Алматыда аталған вирустан емделіп жатқан адамдардың басым көпшілігінде, дәлірек айтқанда науқастардың 77%-ында бұл сырқат жеңіл түрде өтіп жатқанын, яғни халықаралық тәжірибеге сәйкес олар емдеуді қажет етпейтіндігін және вирусты тікелей тасымалдаушы болып табылатындығын айтқым келеді, - деді ол.