Былтыр мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 2,7%-ға артық орындалды

9 Ақпан 2021, 09:21
2027
Бөлісу:
Былтыр мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 2,7%-ға артық орындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкіметтің кезекті онлайн отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев салық және кедендік әкімшілендіру бойынша істелген жұмыс нәтижелерін баяндады.

Былтыр мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша жоспар 2,7%-ке, республикалық бюджет 0,3%-ке және жергілікті бюджет 8,1%-ке артық орындалды. Індетке қарамастан мемлекеттік бюджеттің кірістері іс жүзінде 2019 жылғы деңгейден кем болған жоқ. Салықтардың құрылымында корпоративтік табыс салығы 3,5%-ке, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары бойынша қосылған құн салығы 1,8%-ке, сонымен қатар еңбекақы төлеу қорынан салықтар 5,3%-ке ұлғайды, - деді министр.

Жамаубаев атағандай, негізгі кедендік төлемдер бойынша түсімдер төмендеді. Бұл сыртқы және ішкі экономикалық жағдайға тікелей байланысты болған.

Мұнай және металдар бағасының төмендеуі есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі түсімдер 43%-ке және ғылым мен техникалық сектор түсімдері 29%-ке төмендеген. Қалған барлық сектор бойынша салықтық түсімдер 1,3%-тен 10,3%-ке дейін өсті, - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, соңғы жылдары салықтық-кедендік әкімшілендіруде оң динамика байқалып жатқанын алға тартты.

Былтыр мемлекеттік кірістер органдары 11 400 салықтық тексеру жүргізді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге аз. Ал нәтижесі 29%-ке артық, - деп айтты министр Үкімет отырысында.

Өзгелердің жаңалығы