Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 190 ел арасында 28-орында – Мамин

17 Қыркүйек 2019, 10:05
2028
Бөлісу:
Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 190 ел арасында 28-орында – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз «DoingBusiness» рейтингінде бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында екен. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында және президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында біздің алдымызға экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестицияларды тарту, бизнес ахуалды жақсарту бойынша нақты міндеттер қойды. Үкімет осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы жылдың сәуірінде парламент кезекті жетінші заңнамалық түзетулерді қабылдады. Бұл өзгертулерде құрылыс саласында «бір терезе» қағидатын енгізу, келісімшарттарды орындау мәселесін оңтайландыру, салық салу аясында реформаларды іске асыру шаралары бар. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Қазіргі кезде Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында», - дейді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, бұл рейтинг бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған реформалардың қаншалықты тиімді екенін көрсетеді. 

«Елдің инвестициялық тартымдылығына ықпал етеді және инвесторлар үшін жаңа жобалар мен өндірістерді құруға қатысты мүмкіндіктерді беру құралы болып саналады. Дүниежүзілік банктің еліміздің қалалары мен өңірлерде бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінің қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Маңғыстау және Ақтөбе облыстары әкімдіктері тиімді жұмыс жасады. Енді, осы реформаларды өңірлерде сапалы және уақытылы іске асырудың маңызы өте зор. Әрбір әкім олардың іске асу нәтижесіне жауапты болады. Осы ретте мұндай маңызды тәжірибені басқа да халықаралық рейтингтерде қолдану қажет», - деді үкімет басшысы.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі 30 елдің қатарына кіру үшін не істеу керегін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы