Биыл атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 123 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді

26 Ақпан 2021, 11:49
4412
Бөлісу:
Биыл атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 123 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов кеңейтілген алқа отырысында табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге биыл 122,8 млрд теңге қарастырылып отырғанын атап өтті. 

Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының ашықтықты, әділдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекке ынталандыруды арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2020 жылдан бастап АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілгенін еске салды. 

Сонымен қатар әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады, еңбекке қабілетті АӘК алушыларға қойылатын талаптар және учаскелік комиссиялар институты күшейтіледі, табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама ұсынылады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша алушылар саны 184 мың отбасынан 936 мың адамды құрады, оның ішінде 600 мың бала 73,5 мың көпбалалы отбасы, – деп баяндады министр алқа отырысында.  

Әлеуметтік топтаманы ұсыну шеңберінде 2020 жылы мектеп жасына дейінгі 218 мыңнан астам бала ай сайын азық-түлік жиынтығымен және тоқсан сайын гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді. Оқу кезеңінде 217 мың мектеп жасындағы бала тегін тамақпен және жеңілдікті жол жүрумен қамтамасыз етілді, ал оқу жылы басталар алдында мектеп формасы мен керек-жарақтарын алды.

АӘК шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 43 мыңға жуық шарасы іске асырылды. Еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жіберілді, қайта даярлаудан немесе кәсіпкерлікке оқытудан өтті. Сондай-ақ өз ісін ашуға жеңілдікті микрокредиттер мен гранттар алды. Нәтижесінде еңбекке қабілетті АӘК алушылардың 74%-дан астамы немесе 201 мыңға жуығы жұмыс істейді және жұмыспен қамту шараларына тартылған, - деп түсіндірді министр. 

Ол атап өткендей, АӘК-ті іске асыруға 2020 жылы 88,2 млрд теңге жұмсалды. 2021 жылға 122,8 млрд теңге, оның ішінде 96,3 млрд теңге республикалық бюджеттен және 26,5 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған.
Сонымен қатар, Серік Шапкенов өткен жылы тек Қарағанды және Ақтөбе облыстары ғана АӘК төлеуге жергілікті бюджеттерден кемінде 15% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыруды қамтамасыз еткенін атап өтті. 

2021 жылы Есеп комитетінің ұсынымы бойынша қоса қаржыландыру үлесі кемінде 20%-ды құрауға тиіс. Осыған байланысты әкімдердің орынбасарларынан АӘК төлемдерін бірлесіп қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударуды сұраймын, – деп айтты Еңбекмин басшысы. 


 

Өзгелердің жаңалығы