Біртанов өзінің отставкаға кетуін талап еткен студенттермен кездесуге дайын екенін айтты

3 Қазан 2019, 16:46
3474
Бөлісу:
Біртанов өзінің отставкаға кетуін талап еткен студенттермен кездесуге дайын екенін айтты
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желіде ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жұмыстан кетуін талап еткен бір топ жас дәрігерлердің бейнеүндеуі тарап кетті. Жастардың мұндай қадамға неліктен барып отырғанын білу мақсатында олармен тілдесіп, мән-жайды білген едік. 

Бұл жастар медициналық оқудан кейін резидентураның ақылы бөлімінде оқып жүрген студенттер болып шықты. Басты мәселе аталған министрліктің ақылы бөлімге түскен студенттерді оқытпау жөніндегі ауызша бұйрығының шығуы болған. 

Назарларыңызға студенттердің арыз-шағымын бұлжытпай жеткізуді жөн санадық.
Дарын Ибрагимов, дерматолог дәрігер, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде резидентураның 1-курс студенті:

– Мен Қарағанды қаласындағы Медициналық университетті биыл бітірдім. Біз жазда оқуды аяқтап жатқан кезде резидентураның ақылы бөлімі болмайды, тек кейбір мамандықтар бойынша ғана оқытылады деген сыбыс шықты. Бастапқыда бұны жалған ақпарат деп ойладым, өйткені бұл ақылға сыйымсыз еді. Біраз уақыт өткен соң диплом алдық және мен бірден Алматыға келіп Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің резидентурасына тапсырдым. Құжат тапсырған кезде мұндағылар резидентураның ақылы бөліміне қатысты бұйрық бар екенін, алайда оның ресми түрде бекітілмегенін айтты. Ондай болса, жақсы деп құжаттарымды тапсырып, үйіме қайттым. Алайда емтихан уақыты жақындағанда университеттен маған телефон шалып, құжаттарымды қабылдай алмайтынын айтты. Яғни "сіз емтихан тапсыра аласыз, алайда тапсырмағаныңыз жөн" дегендей сарында айтты. Осыдан кейін мені оқудан шығаруы мүмкін деген заңнамалар мен бұйрықтар іздей бастадым. Бірақ ештеңе таппадым, оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігі оқуға тапсыра алмайсыңдар деген бұйрық шығарғанның өзінде ол Әділет министрлігімен мақұлдануы қажет. Алайда ондай құжат болмады, сондықтан мен емтихан тапсырдым. 

Оның алдында көптеген заңгерлермен ақылдастым, олардың бәрі "бұл жерде сіздің құқығыңыз бұзылып тұр, олар сізге оқыма деп айта алмайды" деді. Осы қыркүйектің 24-і күні бізге университеттегілер "Үлкен жиналыс болды, сіздер ары қарай оқи алмайсыздар. Тек жұмысқа жіберілген жеріңіз арқылы ғана оқи аласыздар" деді. 1 қазаннан бастап ақылы бөлімде оқығандардың бәрін оқудан шығарып жатыр, яғни біз заңсыз тапсырған болып шықтық. Алайда ешқандай ресми бұйрық жоқ, тек ауызша айтып жатыр. "Сіздер оқи алмайсыздар, алдымен 3 жылдай ауылды жерге барып жұмыс істеулеріңіз керек" дейді. Мен ешқандай жұмыстан қашып отырған жоқпын, о бастағы мақсатым оқып, білім алу болған, яғни резидентурада оқып, біліктілігімді арттыру еді. Содан кейін барып қызмет етсем деген үмітте едім. Бізге ары қарай оқып, білімімізді жетілдіруге рұқсат бермей жатқаны жанымызға батады. Біз оны ешқайда алып кетпейміз ғой, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін жұмсаймыз. Университет оқуға түскенімізді растаған, алайда Денсаулық сақтау министрлігі оқу орындарына қысым көрсетуде. 

Астанада болған жиында Біртановтан ақылы резидентураны неліктен алып тастағаны туралы сұрағанда ол "ауызша айтылған бұйрықтардың жазбаша түрін жіберудің қажеті жоқ" дегендей сылтау айтып, нақты жауап бермеген. 24 қыркүйек күні Алматыда болған жиналыста да сұрағымызға осылайша жауап беріп, басқа тақырыпқа ауытқи берді.  
Бізге шетелден көптеген ұсыныстар түседі. Еуропада оқып, сонда жұмыс істеу тұрғысында көптеген ұсыныстар жасайды. Бірақ менің онда барғым келмейді, өйткені менің өз елім, жерім бар. Осында қызмет етіп, адамдарды емдесем деймін. 

Зарина Шарипова, резидентураның 1-курс студенті:

– Айтайын дегенім, Денсаулық сақтау министрлігі келесі жылдан бастап жас мамандар үшін резидентураны міндетті  етпек. Бізді қазір оқудан шығарып, жұмысқа жібереді. Алайда келесі жылы оқуды бітіргендер үшін резидентура міндетті болады. Ал біз бұл жүйеден тыс қаламыз, яғни резидентурасыз бізді жұмысқа да алмайды және оқудан да тыс қаламыз. Оның үстіне резидентураның мерзімін де ұзартып жатыр, қазір екі жыл болса, енді ол 3-4 жылға созылады. Біз жұмыс істеп, кейін оқып жатқан күннің өзінде де жасымыз біразға келіп қалады. Бұған дейін 7-8 жыл оқығанымызды қосыңыз. Олардың жібергені бойынша жұмыс істеп келген күннің өзінде ертең еш жерден жұмыс таппай қаламыз, өйткені бәрі резидентураны сұрайтын болады. Бұған дейін прокуратураға, Ақорда сайтына және Білім министрлігіне дейін арыз жаздық. Олардан ешқандай жауап болмады. Жақында БҰҰ-ға хабарластық, ондағылар бізді ЮНЕСКО-ға жіберді, сол жерде арыз білдірдік. 

Қазір жас мамандарды ауылды жерге жіберіп жатыр. Меніңше, ауылға жастар емес, тәжірибесі бар, көпті көрген маманның барғаны дұрыс. Ауылға барған қатарластарымыз онда дәрігерлер жетіспейтінін айтады. Яғни, білікті мамандар зейнетке кетіп жатыр, кей жерде тіптен жоқ. Сондықтан жас маман жалғыз өзі ауылда қызмет көрсетіп жатыр. Оның жанында ақыл, кеңес сұрайтын үлкен дәрігер тіптен жоқ. Ертең келеңсіз жағдай болса, оны кінәлі етіп шығарады және ешкім оны қорғай алмайды. Сондықтан ауылға маман жіберу механизмін әлі де қарап, жетілдіру керек сияқты. 

Дәулет Оразымбетов резидентураның 1-курс студенті:

– Медицинада оқып жатқаныма 13 жыл болды. Қазір әлеуметтік желіде көпшілік "алдымен жұмыс істеңдер" дегендей пікірлер жазып жатыр. Біріншіден, көпшілігіміз жұмыс істейміз. Жеке клиникаларда болсын жұмыс істеуге тырысамыз, біреулер жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып істеп жүр. Сондықтан жұмыс қалай болатынын білеміз, жалпы жағдайды түсініп отырмыз. Екіншіден, мемлекет оқу кезінде жұмыс істеуге тыйым салған. Яғни біз оқуда алған теориялық білімді тәжірибеде жаратып көрмедік. Осы себепті білім беру және денсаулық саласындағы жүйе ақсап жатыр. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде үлкен жиналыс болды. Онда бүкіл резидентураға жетекшілік ететін Сәуле Сыдықова сөйлеп, резидентурада оқитындардың бәріне өз еркімен оқудан кетуді айтты. С.Ж. Асфендияровта оқитындарды оқуға жібермей жатыр екен, оларға өз еріктерімен оқудан шығу жөнінде арыз жазғызған. Өйткені оларды оқудан шығаратындай нақты бұйрық жоқ. Сол жерде резидентураның ақылы бөлімінде мыңнан аса студент оқитыны да айтылды. Қазір біз оқып жатқан мамандыққа мемлекеттік грант бөлінбейді. Мәселен, онкология, дерматология сияқты мамандықтарға грант жоқ, сондықтан біз ақылы түрде оқуға мәжбүрміз. Олар өздеріне қажетті мамандыққа ғана грант бөліп, қалғандарында оқуға тиым салуда. Алғаш құжат тапсырғанда оқу орындары "ақылы бөлімді ешкім алып тастаған жоқ" деген болатын. Сондықтан біз оқудың ақысын төлеп оқып жаттық. Мен екі жыл оқуым керек, қазір жасым отыздан асты. Жұмыс істеп, ертең қырыққа келгенде оқып жүргім келмейді. Оқу орнындағы профессорлар мен деканаттағылар бізді қолдап отыр, алайда министрлікке қарсы шыға алмайды. 

Көрші Ресейге жұмысқа да, оқуға да шақырды. Алайда мен осында жұмыс істеп, өз медицинамызды көтергім келеді. Бірақ жоғарғы жақтағылар "былай істеуің керек, әйтпесе болмайды" дегендей бұйрық беріп отырғаны жөнсіз деп ойлаймын. Министр Біртанов ауызша бұйрықтарды шығара бермесе дейміз. 

Ксения Вердина, резидентураның 1-курс студенті:

– Біз құқықтық мемлекетте тұрамыз ғой, сондықтан бәрі заң аясында болғаны дұрыс. Біз 2012 жылы медициналық оқу орнына тапсырған кезде келісімшартқа отырдық, яғни алдағы жеті жылда бізді не күтіп тұрғанын білдік. Яғни, оқуды тәмамдаған соң резидентурада еш қиындықсыз оқи алатынымызды біліп жүрдік. Кейін 2016 жылы хаттамаға өзгерістер енгізіліп, студенттер оқу бітірген соң үш жыл жұмыс істеу керек болды. Алайда біз 2012 жылы тапсырдық қой, ол кездегі хаттама басқа болатын. Сондықтан бізге резидентурада оқи алмайсыңдар деу негізсіз деп ойлаймын. Мұндай заңнамалық актілерді жасап отырған біздің жоғары жақтағы Денсаулық сақтау министрлігі. Осы мәселе бойынша бармаған жеріміз жоқ, өкінішке қарай бізге құлақ асатын жан болмай тұр. Сондықтан дауысымызды қаттырақ шығаруға тура келді, осылайша видеоүндеу жарияладық. Бар тілегіміз – министр мәселемізді шешіп берсе дейміз. Әділдік болып, бәрі заң аясында болғаны жөн.

Көпшілік бізді ауылды жерде жұмыс істеуден қашып жатыр деп ойлайды. Осы елде тұрғандықтан осында қызмет еткіміз келетінін айтқымыз келеді. Тек оқуымызды аяқтауға мүмкіндік беріңіздерші. 

Студенттердің "оқуымызды аяқтауға мүмкіндік беріңдерші" деген пікірін дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі Қайырғали Күнеев те қолдап отыр. Ол оқимын деп тұрған баланың бетін қақпау қажеттігін айтады.

IMG_20191002_161240.jpg

"Осыдан екі-үш ай бұрын осы мәселені жаңалықтардан естіген едім. Арада біраз уақыт өткенде бұл жастар маған келіп мәселесін айтқанда таңқалдым. Өйткені көптеген проблема жаңалықтарда көтерілген соң көп ұзамай шешіліп жататын, сондықтан бұл да оңынан болады деп ойладым. Өкінішке қарай, керісінше үдеп бара жатыр екен. Олардың басындағы жағдайды естіп-білгенімде шынымды айтайын не дерімді білмедім. Ойлаңызшы, елімізде оқысам деп тұрған жас мамандардың албырттығын жоғарыдағылар басқысы келеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Көпшілігі "онда тұрған не бар, ауылға барып екі-үш жыл жұмыс істеп келеді, содан соң оқып алады" деуі мүмкін. Дегенмен қазір медицина саласы күн санап дамып жатыр, аз уақыт үзіліс жасап алсаң, маман ретінде өзіңді жоғалтып аласың. Одан кейін ауылды жердегі науқастар қаншалықты қорғалған? Өйткені оларға тәжірибесі жоқ, оқуды енді бітіріп жатқан жас мамандар жіберілуде. Сондай-ақ, қате жіберген кезде бұл жас мамандар қалай қорғалады деген мәселе бар. Соғыс кезінде штрафбатты оққа айдаған секілді мына жастарды да отқа итермелеп отырмыз. Олай жасайтындай бұл жастардың қандай кінәсі бар? Егер жастар оқуын жалғастырам десе, оған мүмкіндік беру керек, мемлекет одан еш ұтылмайды. Бәрі отандық медицинаның өркендеуі үшін жасалып жатқан нәрсе. Керісінше, ондайларды қолдау керек. Егер оларды оқудан шығарып, бұйрықпен шалғай жерге жұмысқа жіберетін болса, бұл құқықтық еліміз үшін үлкен сын", - дейді қоғам белсендісі. 

Бұл студенттерді оқуға қабылдап, бір ай өткен соң ары қарай оқи алмайсыңдар деп жатқан оқу орнына да бардық. Ондағылар министрлік тек басымдыққа ие мамандықтар бойынша ғана оқытуға грант бөлгенін, алайда ақылы бөлімде оқытпау жөніндегі бұйрықты ертерек айту керек еді деген уәждерін білдірді.

Жанар Андасова, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің резидентура департаментінің директоры: 
– Білім беру жөніндегі заңда мемлекеттік грантта оқыған медицина саласының студенттері оқу аяқталған соң үш жыл көлемінде кез келген мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп, еңбекпен өтеуге міндеттеледі. Бірінші кезекте бағыт бойынша жіберген жерде жұмыс істеулері қажет. Студенттерді резидентураға қабылдау кезінде Денсаулық сақтау министрлігінен басымдыққа ие емес мамандыққа тапсырғандардың құжатын қабылдамау туралы ауызша бұйрық келді. Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі сұраныстағы мамандықтар бойынша сараптама жасап, биыл 15 мамандыққа басымдық берген және оларға мемлекеттік грант бөлінді. Яғни резидентураға түскісі келгендер осы мамандықтарды таңдауы керек болған. Біздің оқу орнындағы резидентурада 31 мамандық бар, оның кейбірі биыл басымдыққа ие болмады.  Мәселен, кадрға сұраныс деген түсінік бар, оқудан шығарғалы жатыр деген студенттердің мамандығына қазір сұраныс болмай тұр. Сондықтан министрлік мұндай мамандықтарға құжат қабылдамауға кеңес береді. Алайда ҚР Білім беру заңының 47-бабы 17-тармағында "Резидентурада оқып жатқандар өтеу жұмыстарынан босатылады" делінген. Біріншіден, олар бала тауып, үш жасқа дейінгі баласы болса, онда өтеу жұмысынан босатылады. Сондай-ақ, резидентура, магистратура, докторантураға тапсырғандар да өтеу жұмысынан босатылатыны жазылған. Және онда ақылы немесе грантта оқитындар туралы ештеңе жазылмаған. Сондықтан біздің заң бөліміміз "осы заңға сәйкес біз ешкімді оқудан шығара алмаймыз" деді. Олар резидентураға тапсыра алмайды деп еш жерде жазылмаған, сондықтан біз олардан құжат қабылдадық. 

Егер стартегиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, яғни Қазақстан медицинасының болашағын, қажетті мамандықтар туралы ойлайтын болсақ, онда Денсаулық сақтау министрлігі шешімінің дұрыстығын мойындаймыз. Қазір біз кадрлардың сұранысын жабуымыз керек. Ертең олар басымдыққа ие емес мамандықты тәмамдап, жұмыс таппай жүрсе, тағы дұрыс емес. Мәселен, бізге қазір кардиохирургтар керек емес. Мамандар жұмыс таппай жүр, егер жұмыс таба алмаса, оларды несіне оқыта береміз. Мәселе осында. Дегенмен мұндай шешімдерді жан-жақты ойластырып барып қабылдап, біртіндеп енгізген жөн. Мұндай өзгерістер туралы алдын ала халықты құлақтандыру қажет. Яғни, оқуға құжат тапсырмас бұрын ертерек мәлімдеу керек. Бұл тұста Денсаулық сақтау министрлігінің қателігі болды. 



ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін Facebook әлеуметтік желісінде осы видеоүндеуге қатысты жауап берді.

"Осы видеоүндеуге қатысқан барлық әріптестерімді (өкінішке қарай өздеріңізді таныстырмадыңыздар) 9 қазан күні Алматыдағы Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де сағат 13:00-де болатын жиынға шақырамын. Мен сіздерді тыңдап, барлық сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын. Бәрі көпшіліктің алдында және конструктивті түрде болатынына уәде беремін", - деп жазды министр.
P.S. Студенттер мен министр арасындағы дау қалай аяқталары белгісіз, дегенмен бұл жағдайды әрдайым бақылап, 9 қазанда болатын кездесуде не айтылғанын көпшілікке жеткіземіз.

Өзгелердің жаңалығы